6 миллиардтық кастинг: Танымал актерлерді қамауды талап етті
Жұлдыз ОРАЗХАН
Алматыда балаларды үлкен кино әлеміне қосамыз деп уәде берген «Jan Production» продюсерлік орталығының төңірегіндегі жанжал жаңа заңдық сипат ала бастады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Елорда мен Алматының мәдени өмірін дүр сілкіндірген бұл істе сан соғып қалған ата-аналар енді тек компанияның ресми жетекшісін ғана емес, жобаның басты амбассадорлары болған танымал кино жұлдыздары - Жан Байжанбаев пен Дәурен Айдаркуловты да қылмыстық жауапкершілікке тартып, қамауға алуды талап етуде.
Бұл оқиға отандық шоу-бизнестегі жарнамалық жауапкершілік пен заң алдындағы теңдік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Барлығы осы жылдың басында әлеуметтік желілерде басталған агрессивті жарнама толқынынан басталған еді. Экраннан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Байжанбаев, актерлер Дәурен Айдаркулов, Берік Айтжанов және өзге де танымал тұлғалар бой көрсетіп, балаларды актерлік шеберлікке баулитын, артынша ауқымды киножобаларға түсіретін бірегей мектептің ашылғанын сүйіншіледі. Тіпті жобаның «Jan Production» деп аталуының өзі ата-аналардың санасында Жан Байжанбаевтың есімімен тікелей байланысып, компанияға деген мінсіз сенім ұялатты.
Осы сенімнің жетегінде жүздеген ата-ана Алматы мен Шымкенттегі кастингтерге ағылып, баласының болашағы үшін орталыққа бір балаға шамамен 1,5–1,6 миллион теңге көлемінде қаржы құя бастады. Көптеген отбасылар бұл соманы өтеу үшін екінші деңгейлі банктерден миллиондаған несие рәсімдеп, қарызға батқан.
Алайда, уақыт өте келе уәде етілген түсірілімдер әртүрлі техникалық сылтаулармен кейінге шегеріле берді. Нәтижесінде компания басшылығы «қаржылық қиындықтар мен кассалық алшақтық» болғанын алға тартып, жобаны мүлдем тоқтатты, ал орталықтың кеңселері бір күнде жабылып қалды. Құқық қорғаушылардың алдын ала болжамы бойынша, зардап шеккен азаматтарға келген жалпы шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асып жығылады. Осы жаппай шағымдардан кейін полиция ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, студияның заңды иесі Ержан Едгебаевты қамауға алды. Бірақ, зардап шеккен тарап пен олардың адвокаты Раушан Омарова бұл істе нүктені тек бір адаммен қоюға болмайтынын айтады.
Сот ғимаратының алдында бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне үндеу жолдаған жәбірленушілер жарнама арқылы халықты тартқан актерлерді де қамауға алуды сұрап отыр. Жан Байжанбаев бұған дейін өзінің компанияның ішкі қаржылық мәселелері мен алаяқтық схемаларына ешқандай қатысы жоқтығын, тек көркемдік жетекші әрі шақырылған актер ретінде қызмет еткенін мәлімдеген болатын. Дегенмен, бұл уәж зардап шеккен ата-аналарды жұбата алмай тұр. Олар халық компания басшысына емес, дәл осы танымал жұлдыздардың беделіне сеніп ақша әкелгенін алға тартады.
Бұл жағдай Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырған, танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов реалоьды түрде сотталып кеткен «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасының кейсін еріксіз еске түсіреді. Заңгерлердің пікірінше, бұл істе де тергеу органдары екі негізгі мәселенің басын ашып алуы тиіс. Егер актерлер тек жарнама үшін тіркелген гонорарын алып, ұйымдастырушының алаяқтық ниетінен мүлдем бейхабар болса, заң бойынша олар тек куәгер ретінде қала береді. Бірақ, егер жұлдыздардың ата-аналар әкелген миллиондардан тікелей пайыз немесе үлес алып отырғаны анықталса, олардың мәртебесі дереу «қылмысқа қатысушы сыбайлас» болып өзгеруі әбден мүмкін.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбекке, сондай-ақ президент әкімшілігіне хат жолдап, істі жоғары деңгейде бақылауға алуды сұрауда. Сонымен қатар, ата-аналар мемлекет басшысы мен қала билігінен мәселенің жүйелі шешімін талап етіп отыр: елімізде балалардың шығармашылығын шыңдайтын мемлекеттік, қауіпсіз әрі тегін орталықтардың аздығы халықты осындай жекеменшік, күмәнді студиялардың тұзағына түсуге мәжбүр етіп отырғаны жасырын емес.