Жаңалықтар
Пресс-релиз

ОСК дауыс беруге арналған Брайль қарпі бар трафаретті таныстырды

ОСК дауыс беруге арналған Брайль қарпі бар трафаретті таныстырды

Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскесінде өз бетінше дауыс беруіне мүмкіндік беретін арнайы Брайль қарпі бар трафаретті таныстырды, деп хабарлайды KazFace.kz.

ОСК отырысында аталған трафареттің дауыс беруге арналған бюллетеньге толық сәйкес келетіні және екі тілде әзірленгені айтылды. Ол сайлау күні еліміздің барлық сайлау учаскелерінде қолжетімді болады.

Трафарет Брайль қарпінің ерекшеліктеріне байланысты екі жақты форматта жасалған. Алдыңғы бетінде бюллетеньнің атауы, ал артқы жағында сайлауға қатысатын саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол көрсетілген.

ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік атап өткендей, трафаретті әзірлеу кезінде бюллетеньге сәйкестік талаптарымен қатар, мамандар мен Брайль қарпін пайдаланушылардың практикалық ұсынымдары да ескерілген.

Сонымен қатар, сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы бұрыштар қарастырылған. Онда партиялық тізімдер бойынша ақпаратты аудио форматта тыңдауға мүмкіндік беретін компьютер, құлаққаптар, қосымша жарықтандыру құралдары және үлкейткіш лупа орналасады.

Осы шаралар сайлау процесінің қолжетімділігін арттырып, әр азаматтың өз таңдауын дербес және еркін жасауына мүмкіндік беруге бағытталған.