Пәкістанда TikTok блогерін өлтірген ер адам өлім жазасына кесілді
Жұлдыз ОРАЗХАН
Пәкістанда өзіне тұрмысқа шығудан бас тартқан 17 жастағы танымал TikTok блогері Сана Юсафты атып өлтірген ер адам өлім жазасына бұйырылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
AFP агенттігінің Исламабадтағы сот залынан хабарлауынша, сейсенбі күні түстен кейін сот 22 жастағы Умар Хаятты айыпты деп танып, оны өлім жазасына кесті және оған 7 200 доллар көлемінде айыппұл салды.
Сот ғимаратының алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Сана Юсафтың әкесі бұл шешімнің әділ болғанын атап өтті:
«Бұл үкім осындай қылмысқа баратын әрбір адам үшін сабақ болады. Сондай-ақ бұл мұндай сұмдықтың ешқашан қайталанбауы тиіс екенін көрсетеді», — деді марқұмның анасының қасында тұрған әкесі.
Полиция мен қаза тапқан қыздың отбасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, Умар Хаят 17 жастағы TikTok жұлдызы Сана Юсафты өз үйінде атып өлтірген. Қылмысқа бойжеткеннің оның сөз салуын кезекті рет жауапсыз қалдырғаны себеп болған.
Сана Юсаф әлеуметтік желілерде өте танымал тұлға еді. Оның парақшаларында тағам, сән және тері күтімі туралы видеороликтер жарияланып, миллиондаған жазылушысы болған.
Желі жұлдызының өлімі туралы хабар оның оқырмандарының қабырғасын қайыстырды. Қайғылы оқиғадан санаулы күндер бұрын ғана Сана өзінің 17 жасқа толған туған күнін тойлап, торттағы шамдарды үрлеп жатқан видеосын жүктеген болатын. Бұл оның желідегі ең соңғы жазбасы болып қалды, ал оның астына қазіргі уақытта мыңдаған көңіл айту пікірлері жазылуда.