Билік

«Келешек мектептерінде» бірыңғай форма енгізіледі

«Келешек мектептерінде» бірыңғай форма енгізіледі

Астана қаласындағы №100 «Келешек мектебінде» өткен республикалық оқыту семинарында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептерінде» бірыңғай мектеп формасы енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz

Министрдің айтуынша, жаңа форма тек киім үлгісі ғана емес, сонымен қатар оқушылардың білім мен ғылымға ұмтылысын айқындайтын, мектептің ерекшелігін көрсететін маңызды символға айналмақ.

– «Келешек мектептерінің» бірыңғай формасы болады. Бұл форма оқушылардың білімге, ғылымға деген құштарлығын білдіріп, олардың «Келешек мектебінде» білім алғанын мақтанышпен көрсететін үлкен символикалық мәнге ие болады деп санаймын, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – еліміздің барлық өңіріндегі балаларға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.

Бүгінде жоба аясында Қазақстан бойынша 217 мектеп пайдалануға берілген. Жаңа білім беру ұйымдары заманауи инфрақұрылыммен жабдықталып, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Бірыңғай мектеп формасын енгізу бастамасы «Келешек мектептерінің» өзіндік білім беру мәдениетін қалыптастырып, оқушылар арасында ортақ құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.