KazTAG пен Freedom Finance арасындағы сот отырысы кейінге қалдырылды
Алматыда ақпараттық агенттік «KazTAG» пен «Freedom Finance» компаниясы арасындағы сот процесі басталмай жатып кейінге қалдырылды, деп хабарлайды KazFace.kz
Іс материалдарына сәйкес, «KazTAG» бас редакторы Амир Касеновке қатысты «Freedom Finance» компаниясына қарсы ауқымды ақпараттық шабуыл ұйымдастырды деген айып тағылған. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, 2025 жылы агенттік Freedom Finance қызметіне қатысты алаяқтық, қаржы пирамидасын құру және клиенттердің қаражатын шығару туралы көптеген жағымсыз материалдар жариялаған.
Сонымен қатар, «KazTAG» агенттігінің бас директоры Асет Матаевқа коммерциялық ұйымдағы басқарушылық міндеттерін тиісінше орындамады деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол редакция қызметіне жеткілікті бақылау жүргізбеген, соның салдарынан Freedom Finance компаниясына ауыр зардап келген.
Бұдан бөлек, Асет Матаевқа қатысты бұзақылық фактісі бойынша да іс қаралуда. Тергеу мәліметінше, 2026 жылғы 17 наурыздан 18 наурызға қараған түні Алматы қаласындағы «Достық Плаза» сауда-ойын-сауық орталығының маңында ол танысымен бірге алкогольдік ішімдік ішкен күйде екі жас жігітпен жанжалға түсіп, төбелеске қатысқан. Осыған байланысты оның әрекеті күш қолдану арқылы топ болып жасалған бұзақылық ретінде саралануда.
Бұған дейін Freedom Finance компаниясы KazTAG басшылығы өз кінәсін мойындаған жағдайда татуласуға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Алайда сот отырысы белгіленген күні өтпеді. Себебі іс бойынша айыпталушылардың бірі Амир Касенов пен Жанна Қапарова сотқа келе алмаған. Осыған байланысты тыңдау кейінге шегерілді.
Өтпей қалған сот отырысынан кейін адвокат Сәлімжан Мусин Freedom Finance компаниясымен медиация мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Ал Асет Матаев өзіне тағылған бұзақылық айыбымен келіспейтінін мәлімдеп, бұл іс бойынша өзін айыпталушы емес, керісінше жәбірленуші деп санайтынын жеткізді.