Жаңалықтар

Құрылтай сайлауында өрескел заң бұзушылықтар тіркелген жоқ – «Халық үні»

Құрылтай сайлауында өрескел заң бұзушылықтар тіркелген жоқ – «Халық үні»

Алматыда «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы Құрылтай депутаттарын сайлау күні жүргізілген қоғамдық бақылау жұмысының қорытындысын жариялады. Байқаушылардың айтуынша, дауыс беру барысында өрескел заң бұзушылықтар тіркелмеген. Сонымен қатар олар Алматыдағы сайлаушылардың белсенділігін азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығының артуымен байланыстырды, деп хабарлайды KazFace.kz

Баспасөз конференциясына қоғам қайраткерлері мен байқаушылар – Дос Көшім, Ермұрат Бәпи, Бекнұр Қисықов, Нұргелді Әбдіғаниұлы және Нұрболат Нышанбай қатысты.

«Халық үні» өкілдерінің мәліметінше, қозғалыс байқаушылары еліміздің 11 қаласындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру барысына мониторинг жүргізген. Бақылау Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Семей, Тараз, Қонаев және Талдықорған қалаларын қамтыды.

Байқаушылардың пікірінше, мониторингтің кең ауқымда ұйымдастырылуы елдің әр өңіріндегі сайлау үдерісін бақылап, дауыс берудің ұйымдастырылуы мен рәсімдерінің сақталуына жан-жақты баға беруге мүмкіндік берген.

Қоғамдық бақылау миссиясына дайындық сайлау науқанына дейін басталған. 11 қалада мыңнан астам азамат сайлау үдерісін бақылау, сайлау рәсімдері мен электоралдық мониторинг жүргізу бағыттары бойынша арнайы дайындықтан өткен.

Дауыс беру күні байқаушылар сайлау учаскелерінде таңертеңнен бастап барлық рәсімдер аяқталғанға дейін жұмыс істеді. Негізгі міндет – сайлау барысын тәуелсіз бақылап, азаматтардың дауыс беру құқықтарының сақталуына назар аудару болды.

Байқаушылардың бағалауынша, сайлау учаскелеріндегі негізгі дауыс беру рәсімдері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілген. Учаскелерде тәртіп сақталып, сайлаушыларға дауыс беру үшін қажетті жағдайлар жасалған. Қозғалыс өкілдері сайлаушылардың белсенділігін де ерекше атап өтті.

Сонымен қатар қоғамдық бақылау барысында жекелеген ескертулер болған. Байқаушылардың айтуынша, олардың басым бөлігі өрескел сипатта емес, рәсімдік мәселелерге қатысты болған. Мәселен, кейбір азаматтар дауыс беру кабинасына екі адам болып кіруге әрекеттенген немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз келген.

Мұндай жағдайларда сайлау комиссияларының мүшелері белгіленген талаптарды түсіндіріп, туындаған мәселелерді қолданыстағы тәртіпке сәйкес шешуге ықпал еткен.

Бақылау барысында анықталған жекелеген жағдайлар бойынша тиісті актілер мен хаттамалар рәсімделген. Қазіргі уақытта өңірлерден жиналған ақпараттарды жүйелеу және қосымша зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша қоғамдық бақылау нәтижелеріне сараптамалық баға берілмек.

Қозғалыс мүшесі, журналист Ермұрат Бәпи Алматы тұрғындарының сайлауға белсенді қатысуына назар аударды. Оның пікірінше, мұндай жоғары азаматтық белсенділік қоғамның қоғамдық-саяси үдерістерге деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетуі мүмкін.

Жалпы, «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы Құрылтай сайлауын қоғамдық бақылау тұрғысынан бағалап, негізгі дауыс беру рәсімдерінің ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті. Байқаушылар үшін басты нәтиже – сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылауға мүмкіндік болуы және өрескел заң бұзушылықтардың тіркелмеуі.

Қоғамдық бақылаудың мұндай тәжірибесі сайлау үдерісінің ашықтығын арттыруға, азаматтардың сайлау институттарына деген сенімін нығайтуға және электоралдық мәдениетті одан әрі дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.