Жаңалықтар

Көкшетаудағы жол апатына қатысты іс тоқтатылды

Көкшетаудағы жол апатына қатысты іс тоқтатылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Көкшетауда автокөлік иесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Ол көлігін жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына басқаруға берген. Кейін әйел адам тұрғын үй ауласында жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан жәбірленуші көз жұмған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Іс рақымшылық жасау туралы заң негізінде тоқтатылды.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, көлік иесіне қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 349-бабының 3-бөлігі бойынша тергелген. Аталған бап көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға көлікті басқаруға рұқсат беріп, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған жағдайларға қатысты қолданылады.

Тергеу нәтижесінде қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты тоқтатылған.

Ақмола облысы Полиция департаменті:

«Көлік иесіне қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 349-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу қорытындысы бойынша рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды», – деп хабарлады.

Еске салсақ, іс тоқтатылғанға дейін ер адамға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын.