Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойы аталып өтті!
Алматыда көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды KazFace.kz
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаламгердің шаңырағына арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады. Президент өз құттықтауында Олжас Сүлейменовтің ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
«Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз», — делінген құттықтау хатта.
Дархан Сатыбалды ақынға әдебиет пен қоғамдық қызмет саласындағы еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның бастамасымен құрылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихи маңызын атап өтті. Бұл қозғалыс Семей ядролық полигонының жабылуына жол ашып, әлемдегі ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналды.
Олжас Сүлейменов — қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі тұлғаларының бірі. Оның шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, халықаралық оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды.