Авторлар блогы

Депутаттыққа үміткердің тәтесіне жауап

Депутаттыққа үміткердің тәтесіне жауап

Гүлбану ӘБЕНОВА

Миллиардер Алагөзовтың жұбайының қоғамның жиеніне Ұлттық құрылтай мүшелігіне қарсы шыққанына наразылық білдірген эмоционалды үндеуін тыңдадым. Ол: «НЕЛІКТЕН?» деп сұрайды. Ендеше, мен де өз жауабымды беріп, өзімнің «НЕЛІКТЕН?» деген сұрақтарымды қойғым келеді.

Неге туған тәтесі жиенін өзінің азан шақырып қойған қазақы есімімен атамайды?

Неліктен оған туғандағы есімімен емес, сахналық лақап атымен жүгінеді?
Өзінің қазақша есімін көпшілік алдында айтуға ұяла ма? Ұлттық болмысты құрметтеу ең алдымен өз атыңды құрметтеуден басталмай ма?

Жиенін кәсіби қалыптасуына қатысым жоқ дейді. Шынымен солай ма?

Жиенін жылдар бойы сахнаға дайындап, образын жасап, әнші ретінде танытқан дәл осы тәтесі емес пе? Тағыда екінші тәтесі бар продюсермің деп теледидардан шықпайтын.
Болмағандай кейіп танытудың қажеті жоқ.

Интернеттен шығармашылығын қарап шықтым. Бір ғана дуэт клипін таптым, онда да серіктесінің дауысы көбірек есте қалады. Ал жеке вокалдық шығармашылығын ерекше жетістік деп айту қиын.

Еңбек жолы қайда?

Іздеп қарасам, халықаралық қатынастар факультетін бітірген екен.

Жақсы. Онда қарапайым сұрақ туады.

Мамандығы бойынша қай жерде жұмыс істеді? Заңгер болды ма? Дипломат болды ма? Халықаралық қатынастар саласында еңбек етті ме?

Жоқ.

Онда қалайша тележүргізуші болды?

Егер туыстық ықпал болған жоқ делінсе, қай жерде, қашан ашық кастингтен өткенін көрсетіңіздер.

Журналистік білімі мен тәжірибесі жоқ адамды телеарна жүргізушісі қызметіне қалай қабылдады?

Қоғам осы сұрақтардың жауабын білуге құқылы.

«Халықтың сүйіспеншілігі, құрметі, сенімі…»

Үндеуінде тәтесі халықтың сүйіспеншілігі, құрметі мен ықыласы туралы айтты.

Кешіріңіз, бұл кім туралы айтылып отыр?

Егер адамды халық шынымен құрметтесе, оны туыстары дәлелдеуге мәжбүр болмайды.

Қандай кәсіби биіктер туралы айтылып отыр?

Нақтылап айтсаңыз. Үміткер қандай жетістікке жетті? Қай салада?

Қандай еңбегі ерекше деп бағаланады?

Неге қоғам өнер адамдарының саясатқа келуіне қарсы?

Бұл мамандықты кемсіту емес. Бұл - тәжірибе.

Тәуелсіздік жылдары депутат болған өнер адамдары аз болған жоқ. Солардың қайсысы маңызды заңдарымен есте қалды?

Қандай реформалар ұсынды? Қандай тарихи заңдардың авторы болды?

Сондықтан қоғамның тағы да сол қателікті қайталағымыз келмейді деуі заңды.

Неге халық дәрігерге, ұстазға, заңгерге көбірек сенеді?

Өйткені бұл мамандықтар күнделікті терең ойлау мен интеллектуалдық еңбекті талап етеді.

Заңгер заңмен жұмыс істейді. Ұстаз білім мен тәрбиемен айналысады. Дәрігер адамның өміріне жауап береді.

Олар құжатпен жұмыс істеуді, шешім қабылдауды, жауапкершілікті жақсы біледі.

Мұндай тәжірибе заң шығару ісінде аса маңызды.

Неге көптеген өнер адамдары өз ойын нақты жеткізе алмайды?

Себебі сахнада сөйлеу мен мемлекеттік мәселелерді терең түсіну - екі түрлі дүние.

Осы уақытқа дейін саясатқа келген көптеген өнер адамдарының нақты, мазмұнды ұсыныстарын қоғам естіген жоқ.

Көрерменді көңілдендіру - бір мамандық.

Заң шығару - мүлде басқа.

Ұлттық құрылтай - концерт өтетін орын емес.

Бұл - елдің ең маңызды мәселелері талқыланып, мемлекеттік шешімдерге негіз болатын ұсыныстар жасалатын алаң.

Неге сұлулық саяси артықшылыққа айналуы керек?

Неліктен әдемі келбет мемлекеттік қызметке лайықтылықтың өлшемі болуы тиіс?

Егер адам пластикалық операция жасап, сырт келбетін өзгерткен болса, қоғам соны жетістік ретінде мойындауға міндетті ме?

Депутат үшін ең маңыздысы - білім, біліктілік, адалдық, ұстаным және жауапкершілік.

Ал сыртқы келбет оның халыққа қызмет ету қабілетін анықтамайды.

Депутаттың жүрегі болуы керек.

Халықтың өкілі ең алдымен жанашыр болуы тиіс. Соңғы жылдары Қазақстанда талай қайғылы оқиғалар болды.

Сол кезде шоу-бизнес өкілдерінің көбі қайда болды? Қаншасы әділдік үшін үн қатты? Қаншасы зардап шеккендерді қолдады?

Әрине, ерекше мысалдар бар. Соның бірі - Димаш.

Бірақ бүгін депутат болуға ұмтылып жүрген көптеген өнер адамдары туралы мұны айту қиын.

Бүгін олардың бірі аяқ-қолынан айырылған адамдардың мәселесін көтеремін дейді.

Онда сұрақ туындайды.

Астанада автобус апатынан кішкентай қыз екі аяғынан айырылғанда, қайда болдыңыздар?

Отбасына моральдық қолдау көрсеттіңіздер ме? Материалдық көмек бердіңіздер ме? Қоғам алдында араша түстіңіздер ме?

Егер халықтың өкілі болғыңыз келсе, халық сізден осы сұрақтарға жауап күтуге толық құқылы.

Егер шын мәнінде елді сүйсеңіздер…

Егер Қазақстанды және оның халқын шынымен сүйсеңіздер, онда жеке амбиция емес, елдің мүддесін ойлаңыздар.

Мүмкін, ең үлкен патриоттық қадам - депутаттық орынға ұмтылмай, оны білімі терең, тәжірибесі мол, сауатты әрі елге көбірек пайда әкелетін азаматтарға беру шығар.

Депутат болу - мәртебе емес. Бұл - ауыр еңбек.

Депутаттың жұмысы - сахнаға шығып, қол шапалақ жинау емес. Тәтесінен қолдау сұрап жылап баратын жер емес.

Ол заң жобаларын зерделеуі, олардың экономикалық салдарын талдауы, азаматтардың мыңдаған өтініштерін қарауы, халықпен кездесуі, өңірлердің мәселесін көтеруі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауы, комитеттердің жұмысына қатысуы, заңдарға түзетулер енгізуі, пікірталасқа қатысуы және қабылдаған шешімдері үшін саяси жауапкершілік арқалауы тиіс.

Бұл - күнделікті интеллектуалдық еңбек.

Бұл - миллиондаған адамның алдындағы зор жауапкершілік.

Сондықтан қоғамда заңды сұрақ туындайды.

Егер адам өнерде, тележүргізушілік саласында немесе шоу-бизнесте табысқа жетіп, жақсы табыс тауып жүрсе, онда неге ол Ұлттық құрылтайға өтуге соншалықты ұмтылады?

Оны шын мәнінде не қызықтырады? Халыққа қызмет ету ме? Әлде жоғары мәртебе мен саяси ықпал ма?

Бұл қоғамның шынайы жауап күтуге толық құқығы бар сұрақтар.