Шымкентте алаяқтар ұрлаған 1,7 млн теңге иесіне қайтарылды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Шымкенттік полицейлер алаяқтық жолмен аударылған ірі көлемдегі қаражатты дер кезінде бұғаттап, жәбірленушіге қайтарып берді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оқиғаның мән-жайы бойынша, жәбірленушіге алдымен өздерін «Қазпошта» қызметкеріміз деп таныстырған тұлғалар хабарласып, деректерді растау сылтауымен SMS-кодты сұрап алған. Кейіннен «банк қауіпсіздік қызметінен» хабарласқан белгісіз адамдар оның шотына шабуыл жасалып жатқанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
Алаяқтарға сенген ер адам 1,7 млн теңгесін өз еркімен аударып жіберген. Алайда, алданғанын түсінген бойда дереу полицияға жүгінген.
Киберполиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында ақша аударылған шоттарды анықтап, транзакцияларды уақытылы бұғаттаған. Соның нәтижесінде алаяқтар қаражатты иемденіп үлгермей, ақша толық көлемде жәбірленушіге қайтарылды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырып, белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, SMS арқылы келген кодтарды, жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажет екенін ескертеді.