Билік

Сергей Компаниец оқу-ағарту вице-министрі болып тағайындалды

Сергей Компаниец оқу-ағарту вице-министрі болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Сергей Компаниец оқу-ағарту вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Сергей Компаниец еңбек жолында мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бірқатар жауапты қызметтер атқарған. 2024 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Республикасы президенті Іс басқармасына қарасты материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасында басшының орынбасары қызметін атқарды.

Бұған дейін, 2020-2024 жылдары Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы орталық аппараты Ақпараттық технологиялар орталығының жетекшісі, сондай-ақ «Қазақстан ҒАЖ орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген.

Ал 2015-2020 жылдары коммерциялық құрылымдарда, Шымкент қаласы әкімдігі аппаратында басшылық лауазымдарды атқарып, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған.

Жаңа вице-министрдің білім беру саласындағы цифрландыру мен инфрақұрылымды дамыту бағыттарына жауап беруі мүмкін екені айтылуда.