Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Президент бұл мерекенің ерекше мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.
“Бұл мереке жауынгерлеріміздің ерлігі мен рухының беріктігін, Отанға деген адалдығын айшықтайды. Ол ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген барлық азаматтарды біріктіреді”, – деді президент.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер мен күштік құрылым өкілдерінің кәсібилігіне жоғары баға беріп, олардың халықаралық жарыстарда, арнайы оқу-жаттығулар мен бітімгерлік миссияларда жоғары дайындық деңгейін көрсетіп жүргенін айтты.
Президенттің сөзінше, мемлекет қорғаныс қабілетін арттыруға және әскери қызметкерлерді жан-жақты қолдауға әрдайым басымдық береді. Сонымен қатар Конституцияда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» екені нақты бекітілгенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігі мен патриоттық құндылықтар Қазақстанның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің негізі екенін атап өтті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Отан қорғаушыларға адал қызметі мен антқа беріктігі үшін алғыс айтып, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.
“Армия мен халықтың бірлігі нығая берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!", – деді президент.