Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды

Шығыс Қазақстан облысында жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан топтың қызметі тоқтатылды

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Усть-Каменогорск Инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан бір топ адамның заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды KazFace.kz

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау ниетінсіз ауыр техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді жеткізу туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған.

Аталған құжаттар контрагенттерге корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын заңсыз төлемеуге мүмкіндік берген.

Қылмыстық схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқаны анықталды. Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.

Заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың жалпы сомасы 356 млн теңгені құрады.

Мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 91 млн теңгеден астам көлемде ірі шығын келтірілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің үш пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.