Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты пікір білдірді
Жұлдыз ОРАЗХАН
Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұған дейін Жамбыл облысында Toyota көлігі ер адамды қағып, зардап шеккен азамат жансақтау бөліміне жеткізілген еді. БАҚ-та көлік жүргізушісі Бақытжан Базарбек болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде.
«Тергеу-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін», – деді Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ бұрынғы депутат зардап шеккен азаматтың жақындарымен бірге екенін және оларға қажетті көмек көрсетіп жатқанын жеткізді.
«Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», – деді ол.
Бұрынғы депутат әлеуметтік желіде тараған түрлі нұсқаларға байланысты асығыс қорытынды жасамауға және ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды.