Қоғам

Freedom-КазТАГ дауы бойынша жаңа мәлімет

Freedom-КазТАГ дауы бойынша жаңа мәлімет

Жұлдыз ОРАЗХАН

Қазақстанда «Freedom Finance» пен ақпарат агенттігі «КазТАГ» арасындағы қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл іске қатысты прокуратура ресми түсініктеме беріп, тараптардың ұстанымын және процестің заңдық тәртібін нақтылады.

Айта кетейік, Freedom Finance пен «КазТАГ» арасындағы дау 2025 жылдың көктемінде басталған. Сол кезде агенттік Freedom компаниясына қатысты бірқатар материалдар жариялап, онда инвестициялық шығындар мен бұрынғы қызметкерлерге қатысты тергеу істері қозғалғаны айтылды. Бұған жауап ретінде Freedom Finance жарияланымдарда жалған ақпарат бар екенін мәлімдеп, құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Кейін іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қозғалып, сотқа дейінгі тергеу сатысына жеткен.

Тергеу аясында «КазТАГ» басшылығының өкілдері күдікті ретінде танылған.

Прокуратураның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу процесі толықтай заң талаптарына сай жүргізілуде, ал тараптарға өз ұстанымын қорғауға тең мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, іс бойынша медиация және бітімге келу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

«Егер медиациялық келісім туралы айтатын болсақ, қолданыстағы заңнама Қазақстан Республикасында медиация және татуласу институттарын тек рұқсат етіп қана қоймай, оларды процестің кез келген сатысында қолдайды. “Freedom Finance” өкілдері “КазТАГ” редакциясы жалған ақпарат таратты деген фактіні мойындаған жағдайда, бітімге келуге дайын екенін жария түрде мәлімдеді. Ендігі кезекте тараптар келісімге келуі немесе мәселені сот арқылы шешуі тиіс», – деді Алматы қаласы прокуратурасының аға прокуроры Мөлдір Қанисова.

Сондай-ақ ол тараптардың келісімге келмеуі жағдайында құқықтық тәртіптің сақталатынын атап өтті.

«Заң алдында бәрі тең: банк болсын немесе БАҚ өкілі болсын құқық қорғау органдары үшін айырмашылық жоқ. Барлығы қатаң түрде құқықтық алаңда, “Заң және тәртіп” қағидаты негізінде қаралады», – деді ол.