Көкшетаудағы қайғылы апат туралы жаңа дерек шықты
Көкшетауда көлік астында қалып қаза тапқан әйел туралы жаңа дерек белгілі болды. Марқұмның туыстарының бірі Threads әлеуметтік желісінде жан тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz
Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні отбасы қыз ұзату тойына жиналған. Туыстары қуанышты күнді асыға күтіп, құдалыққа дайындалып жүрген.
«Біз Көкшетауға әпкеміздің қыз ұзату тойын тойлауға жиналған едік. Марқұм – біздің туған тәтеміз. Қуанып, құдалыққа асығып жүрген. Бір сәтте бәрі өзгеріп кетті. Бүкіл отбасымыз орны толмас қайғыға душар болды. Ұлы анасыз қалды. Қуаныштың орнына көз жасы мен ауыр қайғы келді», – деп жазды марқұмның жақыны.
Белгілі болғандай, марқұмның артында 12 жастағы ұлы қалған.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 9 мамыр күні Көкшетаудағы тұрғын үй аулаларының бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада автотұраққа кіріп келе жатқан көлік жол бойымен кетіп бара жатқан әйелді қағып, кейін үстінен басып өткені көрінеді.
Оқиға орнында адамдар жанұшыра көмекке ұмтылып, жедел жәрдем шақырған. Алайда әйел алған жарақатынан көз жұмды.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кейінірек полиция жүргізушінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.