Дәріханалық есірткіге тәуелділік: жасарып бара жатқан қауіп және одан арылудың жолы
Қазақстанда дәріханалық есірткіге тәуелділік соңғы жылдары өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұрын қоғам назарынан тыс қалып келген бұл құбылыс бүгінде әсіресе жасөспірімдер арасында кең таралуда. Мамандардың айтуынша, есірткіге тәуелді азаматтардың әрбір екіншісі алғашқы қадамын дәл дәріханада сатылатын рецептілік препараттардан бастаған, деп хабарлайды KazFace.kz
Ақмола облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Александр Высоцкийдің айтуынша, тәуелді адамдарды арнайы іздеп анықтауға немесе мәжбүрлі түрде есепке қоюға заң жүзінде мүмкіндік жоқ.
«Қазіргі статистика нақты жағдайды толық көрсете алмайды. Себебі біз өздігінен адамдарды анықтап, есепке қоя алмаймыз. Науқасты тіркеуге алу, ем тағайындау немесе ауруханаға жатқызу үшін оның келісімі қажет. Ал кәмелетке толмаған балаларға қатысты ата-аналар көп жағдайда баласының болашағына әсер етеді деп қорқып, келісім бермейді. Сондықтан ресми мәліметтер тәуелділердің нақты санын көрсетпейді», – деді Александр Высоцкий.
Мамандардың айтуынша, бұған дейін есірткіге тәуелділіктің бастауы ретінде көбіне қарасора аталып келсе, бүгінде алғашқы қадам көбіне дәріханалық препараттардан басталады. Себебі мұндай дәрілерді табу оңай әрі бағасы арзан.
«Рецептпен берілетін кейбір дәрілер героин немесе синтетикалық есірткіден әлдеқайда арзан. Сондықтан жастар алдымен осы препараттарды қолданады. Кейбір дәрілер қалыпты жағдайда бір таблеткадан ғана ішіледі. Ал тәуелді адамдар оларды бірден 20–30 таблеткадан қабылдайды немесе синтетикалық есірткімен бірге пайдаланады», – дейді маман.
Дәріханалық препараттардың түрі өте көп. Бірі ұйықтатса, енді бірі сергектік береді, үшіншісі эйфория сезімін тудырады. Тәуелді адамдар көбіне бірнеше препаратты қатар қолданады.
Мамандардың айтуынша, бүгінде мұндай тәуелділікті сырт көзге анықтау да қиын. Бұрын есірткі қолданушылардың сыртқы келбеті бірден байқалатын болса, дәріханалық препараттарға тәуелді адамдар ұзақ уақыт бойы айналасындағыларға күдік тудырмайды.
Ақмола облыстық психикалық денсаулық орталығының әлеуметтік оңалту бөлімінің меңгерушісі Сулушаш Бекмағанбетованың айтуынша, өкінішке қарай, тәуелділік жасы жыл сайын төмендеп келеді.
«Біз оңалту орталығына тек 18 жастан асқан азаматтарды қабылдаймыз. Бірақ тәжірибемізде 15 жастағы баласының бірнеше жылдан бері дәріханалық препараттарға тәуелді екенін айтып келген ата-аналар болды. Тіпті сол жасөспірім өзінің 13 жастағы құрбысының да осы заттарды қолданатынын жеткізген. Бұл өте алаңдатарлық жағдай», – дейді маман.
2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Сенім» оңалту орталығында жыл сайын елуге жуық адам алкоголь, есірткі немесе құмар ойындарға тәуелділіктен оңалтудан өтеді. Орталық мамандарының айтуынша, олардың басты мақсаты – тәуелділікті «емдеу» емес, адамды есірткісіз өмір сүруге үйрету.
«Барлығы адамның өзіне байланысты. Ең алдымен ол өз мәселесін мойындауы керек. 2024 жылдың мамыр айынан бастап наркологиялық есепке тұрмай-ақ, тәулігіне бес мың теңге төлеп, жасырын түрде оңалтудан өтуге мүмкіндік бар. Сондықтан ата-аналар уақыт жоғалтпай, мәселені ерте кезеңде шешуге тырысқаны дұрыс», – дейді Сулушаш Бекмағанбетова.
Мамандардың айтуынша, дәріханалық есірткінің заңсыз айналымымен айналысатындар да аз емес. Мұндай препараттар кей жағдайда арнайы жасырын орындар арқылы ғана емес, тікелей қолма-қол сатылып жатады. Тіпті кейбір дәріханаларда да заңсыз өткізілетін жағдайлар кездеседі.
Айта кету керек, қазіргі таңда трамадолдан басқа көптеген дәріханалық препараттардың заңсыз айналымы есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімдерінің құзыретіне толық кірмейді.
Дәрігерлер бұл мәселені заңнамалық деңгейде шұғыл реттеу қажет деп есептейді. Олардың пікірінше, трамадол сияқты тәуелділік тудыратын басқа да препараттар психотроптық заттар қатарына енгізіліп, оларды заңсыз сатқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы тиіс.
«Мемлекет бұл заттарды психотроптық препараттар қатарына енгізуге мәжбүр болады. Трамадолға қатысты осындай шешім қабылданды, енді оны сатуға арнайы лицензия қажет. Қазіргі уақытта тәуелділік тудыратын өзге де дәрілердің тізімі қайта қаралып жатыр. Біз наркологтар ретінде мұндай талаптардың күшейтілуін қолдаймыз. Себебі қолжетімділік пен жазасыздық тәуелділіктің таралуына жол ашып отыр. Полицияның мәліметінше, қылмыстардың шамамен 80 пайызы алкоголь немесе есірткі әсерінде жасалады. Сондықтан бұл мәселеге қатаң шаралар қажет», – деді Александр Высоцкий.
Мамандардың пікірінше, дәріханалық есірткіге тәуелділік – тек медицина саласының емес, тұтас қоғамның мәселесі. Онымен күресте алдын алу жұмыстары, ата-аналардың жауапкершілігі, заңнаманы күшейту және жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу ерекше маңызға ие.