Астанада алғаш рет аэротакси таныстырылады
Жұлдыз ОРАЗХАН
Астанада алғаш рет электрлі аэротакси (eVTOL) көпшілік назарына ұсынылады, деп хабарлайды KazFace.kz.
AutoFlight Prosperity электрлі әуе көлігі «Samruk-Kazyna» қолдауымен өтетін «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирі аясындағы көрменің басты экспонаттарының бірі болмақ.
Турнир қарсаңында аэротакси «Қазанат» ипподромының үстінде демонстрациялық ұшуын өткізді. Ал 29–30 шілде күндері заманауи техника «Барыс Арена» кешенінің алдындағы ашық алаңға қойылып, елорда тұрғындары мен қонақтарына көрсетіледі.
Аэротаксидің ішінде «Болашақ ойындарының» ресми маскоттарына арналған тақырыптық инсталляция орнатылады. Келушілер Ibot роботы, Ar-Lan киберқасқыры, I-Lin бойжеткен және Alem бүркітімен танысып, фотоға түсе алады.
Мұнымен қоса, жарыс өтетін спорт нысандарында арнайы пункттер жұмыс істемек. Онда көрермендер ұтып алған сыйлықтарды ұшқышсыз дрондар жеткізіп береді.
Айта кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Дәстүрлі спорт, киберспорт және озық технологияларды біріктіретін ауқымды бәсекеге 50-ден астам елден 800-ден астам спортшы қатысады. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 4,75 миллион АҚШ доллары.