Қоғам

«Kyzdar.net» сайтының ұйымдастырушылары ұсталды

«Kyzdar.net» сайтының ұйымдастырушылары ұсталды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Алматы қаласында құқық қорғау органдары «Kyzdar.net» атты даулы интернет-ресурстың ұйымдастырушыларын ұстады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.

Тергеу мәліметінше, сайт 2011 жылдан бері ақылы интимдік қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру үшін пайдаланылған. 2026 жылғы 7 маусымда ресурстың болжамды ұйымдастырушылары ұсталып, олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігі бойынша сараланды.

Тінту барысында күдіктілерден ірі көлемдегі ақша қаражаты, цифрлық активтер, компьютерлік техника және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Прокуратураның мәліметіне сәйкес, алдын ала есеп бойынша заңсыз табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асқан. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Істің барысы прокуратураның ерекше бақылауына алынған.

Айта кетейік, бұл – аталған сайт басшылығын жауапкершілікке тартудың екінші әрекеті. Бұған дейін 2023 жылы полиция «Kyzdar.net» сайтының 11 топ-менеджерін ұстаған болатын. Алайда 2024 жылы қылмыстық іс заңнамадағы олқылықтарға байланысты тоқтатылған.

Кейін 2024 жылдың қыркүйегінде Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер интернет арқылы жеңгетайлық жасағандарды, интимдік қызметтерді жарнамалайтын сайттар мен чаттардың әкімшілерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берді.

Жаңа нормаларға сәйкес, интернет арқылы жеңгетайлық жасағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі аталған сайттың жұмысын тоқтату үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген еді. Алайда ресурс шетелдік хостинг қызметтерін пайдаланып, домендік атауларын үнемі өзгерту арқылы бұғаттаулардан жалтарып келген. Соның салдарынан сайт ұзақ уақыт бойы жұмысын жалғастырған.