Сыр өңірі ұлы тұлғалар жәдігерлерін қалай сақтауда
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қызылордадағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанға белгілі өнер қайраткерлерінің сахналық киімдері мен жеке бұйымдары ерекше тарихи-мәдени құндылық ретінде сақталуда. Бұл жәдігерлер Сыр өңірінің ғана емес, тұтас қазақ өнері мен руханиятының дамуын айқындайтын маңызды мұра болып саналады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Қазақтың әйгілі әншісі Роза Бағланова Қызылорда өңірінің тумасы болғандықтан, оның шығармашылық мұрасына қатысты жәдігерлердің Сыр бойындағы музей қорына табысталуы тарихи сабақтастық ретінде бағаланады. Сол себепті өнер иесінің ұлы Тәжен Бағланов анасына тиесілі құнды бұйымдарды 2002 жылы туған жері – Сыр өңіріндегі музей қорына тапсыруды жөн көрген. Бұл жәдігерлер шамамен жарты ғасыр бойы сақталып келеді.
Музей қорындағы ерекше экспонаттардың қатарында қазақ кино өнерінің классигі Сұлтанахмет Қожықов киген шапан бар. Ол – әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің режиссері, қазақ кино өнерінің алтын қорына енген туындының авторы. Бұл шапан арнайы тапсырыспен, сол кезеңдегі театр мен кино саласының белгілі суретші-декораторлары тарапынан режиссерге арналып кестеленіп тігілген. Айта кетерлігі, Сұлтанахмет Қожықовтың анасы да театр саласында костюм бойынша суретші-декоратор болып еңбек еткен, сондықтан бұл отбасының өнермен байланысы терең. Осы тұрғыдан алғанда, аталған жәдігер ұлттық кино өнерінің дамуын ғана емес, шығармашылық әулеттің көркемдік дәстүрін де бейнелейтін құнды тарихи дерек ретінде бағаланады.
Эстрада өнерінің әйгілі өкілі Батырхан Шүкенов сахнада киген костюмі мен шалбары да музей қорында сақтаулы. Бұл бұйымдар оның шығармашылық бейнесін айқындайтын құнды экспонаттардың бірі.
Айтыс өнерінің көрнекті өкілі Манап Көкенов пайдаланған сахналық шапан мен домбыра – қазақтың суырыпсалма өнерінің рухын бүгінге жеткізген ерекше мұра.
Сыр өңірінің белгілі ақыны Қуандық Бүрлібаев пен халық жазушысы Шөмішбай Сариев киген сахналық киімдер де музей қорында ерекше орын алады. Бұл бұйымдар өңірдің әдеби-мәдени дәстүрінің жалғасын көрсетеді.
Музей қорындағы барлық жәдігерлер арнайы талаптарға сай сақталады: олар соңғы 20–30 жыл көлемінде тұрақты қор сақтау жағдайында тұр. Қор бөлмелерінде температура +18°С пен +22°С аралығында, ал ылғалдылық 50–55% деңгейінде қатаң бақылауда ұсталады. Жарық режимі де реттеліп, әрбір бұйым арнайы қаптамада қорғалады. Сонымен қатар, жәдігерлер тұрақты түрде реставрациялық бақылаудан өтіп, жыл сайын құрғақ тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бас қор сақтаушысы Кенжегүл Ибрагимова бұл туралы былай дейді:
«Сыр өңірінің музей қорындағы әрбір сахналық киім – тек экспонат емес, ол тұтас бір дәуірдің рухын, өнер иесінің өмірін және халықтың мәдени жадын сақтап тұрған аманат. Біз оларды келер ұрпаққа сол қалпында жеткізуге жауаптымыз», – дейді маман.
Музейдегі бұл құнды киімдер мен бұйымдар бүгінгі күні де келушілерге Сыр өңірінің бай мәдени мұрасын танытып, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір қызметін атқарып отыр.
Сондай-ақ Қызылорда – қазақ тарихында айрықша орны бар киелі өңір. Бір кездері ел астанасы болған бұл қала ұлттық мәдениет пен өнердің ірі орталықтарының бірі ретінде қалыптасқан. Бүгінде сол рухани сабақтастық музей қорында сақталған құнды жәдігерлер арқылы жалғасып келеді.