«Әділет» партиясы ресми түрде тіркелді
7 мамыр күні Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды KazFace.kz
Ауқымды жиынға Қазақстанның барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысты. Съезд барысында партияның жарғысы мен бағдарламасы бекітіліп, жетекші органдарды айқындау мәселелері қаралды.
Партияның негізгі құндылықтары ретінде әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму аталды. Бағдарламада «Заң мен Тәртіп» қағидаты басты ұстаным ретінде көрсетілген.
«Әділет» партиясы Қазақстанда адал еңбек әділ бағаланатын қоғам қалыптастыруды мақсат етеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы адами капиталды нығайтуға басымдық бермек.
Партия өңірлердің тең дамуын маңызды міндеттердің бірі деп санайды. Сондай-ақ халықаралық деңгейде Қазақстанның жауапты әрі тұрақтандырушы мемлекет ретіндегі беделін күшейтуге ниетті екенін мәлімдеді.
Жаңа саяси ұйым қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында әрбір сайлауалды уәде бойынша халық алдында тұрақты есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды.
Айта кетейік, партияның бастамашыл тобы сәуір айында жаңа саяси ұйым құру туралы мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда партия құрамына 9812 адам кіріп, заң талаптарына сәйкес мүшелер саны бойынша қажетті межеден асты.