Тоқаев: Қазақстан үлкен өзгерістер кезеңіне қадам басты
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты рәсімде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіне қатысты маңызды мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекет басшысы референдумда қабылданған жаңа Конституцияны Қазақстанның алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындайтын негізгі құжат деп атады. Оның айтуынша, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді, ал тамыз бен қыркүйек айларында жаңа саяси институттар қалыптастырылып, ел үлкен өзгерістер кезеңіне қадам басады.
Президент заң мен тәртіпті нығайту, «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау және қоғамдағы жауапкершілікті арттыру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ елде жаңа идеялар мен жас патриоттардың қалыптасуы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік пен егемендікті Қазақстанның ең басты құндылығы деп атап, барлық сындарлы күштерді жалпыұлттық мақсаттар төңірегіне бірігуге шақырды.
Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ұлттық құндылықтарды заман талабына сай жаңғыртудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, соңғы жылдар Қазақстан үшін тарихи бетбұрыс кезеңіне айналып, қоғамда еңбекқорлық, тәртіп, ынтымақ пен жауапкершілік сияқты құндылықтар нығая түсті.