Қоғам

Қазақстанда шетелдіктердің елге кіру тәртібі өзгереді

Қазақстанда шетелдіктердің елге кіру тәртібі өзгереді

Жұлдыз ОРАЗХАН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Құжатқа сәйкес, енді шетел азаматтары Қазақстанға кіру үшін электрондық рұқсат алуға міндетті болады.  

Жаңа жүйе бойынша электрондық рұқсатты рәсімдеу арнайы цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылады. Рұқсатты Қазақстанның ішкі істер министрлігі ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім негізінде береді. Сонымен қатар, шетел азаматтары сәйкестендіруден және аутентификациядан, оның ішінде биометриялық деректерді өңдеуден өтіп, цифрлық иммигрант профилін қалыптастырады.  

Электрондық рұқсатты рәсімдеу ақылы болады. Төлем мөлшері мен оны төлеу тәртібін Қазақстан үкіметі айқындайды. Заңға сәйкес, жиналған қаражаттың 50%-ы шетел азаматтарына арналған цифрлық платформаны, мемлекеттік шекара арқылы кіру және шығуды есепке алу жүйесін дамыту мен жаңғыртуға бағытталса, қалған 50%-ы ішкі және келу туризмін дамытуға жұмсалады.  

Мемлекеттік органдардың мәліметінше, жаңа тетік шекаралық бақылаудың тиімділігін арттыруға, ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге, көші-қон үдерістерін цифрландыруға және туристік саланы қосымша қаржыландыруға мүмкіндік береді.