Жаңалықтар

Қазақстанда сиыр етін экспорттауға уақытша шектеу енгізілуі мүмкін

Қазақстанда сиыр етін экспорттауға уақытша шектеу енгізілуі мүмкін

Қазақстанда сиыр етін шетелге шығаруға уақытша шектеу енгізу ұсынылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген бұйрық жобасында айтылған, деп хабарлайды KazFace.kz

Құжатқа сәйкес, жаңа піскен, салқындатылған және мұздатылған сиыр етінің экспортына алты ай мерзімге 25 мың тонна көлемінде квота белгілеу жоспарланып отыр. Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де, үшінші елдерге де экспортқа қатысты болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шара отандық ет өңдеу кәсіпорындарын қолдауға бағытталған. Ведомствоның пікірінше, экспортты реттеу ел ішінде етті қайта өңдеу көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарықты ет өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, министрлік бұл бастама ет бағасының өсуін тежеуге де ықпал етеді деп есептейді.

Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 1 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етіне сұраныстың төмен болуына байланысты ет өңдеу кәсіпорындарында дайын өнім қоры жиналып қалғанын хабарлаған болатын.