Жаңалықтар
Пресс-релиз

Алматы облысында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана жойылды

Алматы облысында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана жойылды

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті мамыр айында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан жасырын зертхананың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды KazFace.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы облысында психотроптық заттарды дайындау кезінде Қазақстан Республикасының азаматы қылмыс үстінде ұсталған.

Тінту барысында құқық қорғау органдары 3 келі «a-PVP» психотроптық затын, кристалдану сатысындағы 15 келі өнімді, 700 литр прекурсорды және есірткі өндіруге арналған зертханалық жабдықтарды тәркіледі.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Сот санкциясымен күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзге ақпараттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейтінін хабарлады.

Құзырлы органдар заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес пен есірткі қылмыстарының жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.