Мәдени айнасы

Қазақстандық тревел-блогер әлемге танылды

Қазақстандық тревел-блогер әлемге танылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Видеограф әрі контент авторы Дастан Мұхамедрахим WIBA Awards 2026 халықаралық сыйлығының «Әлемнің үздік тревел-блогері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Салтанатты марапаттау рәсімі Францияның Канн қаласында, әйгілі Канн кинофестивалі аясында ұйымдастырылды. Қазақстандық блогер бұл қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, кештен арнайы видеолар жариялаған.

WIBA Awards — халықаралық digital-индустриядағы үздік контент авторларын анықтайтын беделді марапаттардың бірі. Сыйлық аудиторияға ықпал етіп, әлеуметтік желіде кең танылған инфлюенсерлерге табысталады.

Дастан Мұхамедрахим түсіретін видеолар табиғат көріністерін, әлем қалаларының атмосферасын және түрлі халықтардың мәдениетін ерекше кино стилінде жеткізуімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары оның Instagram желісіндегі көптеген ролигі миллиондаған қаралым жинап, кейбірі платформаның ресми парақшаларында жарияланған.

Желі қолданушылары мен әріптестері қазақстандық блогерді халықаралық жетістігімен құттықтап, бұл марапатты отандық блогинг саласы үшін маңызды оқиға деп бағалап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Дастан Мұхамедрахим WIBA Awards 2026 жеңімпаздарының қатарына енгенін хабарлаған болатын. Енді марапат ресми түрде табысталды.