Жаңалықтар

Қытайлық бақылаушылар Қазақстандағы сайлау процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті

Қытайлық бақылаушылар Қазақстандағы сайлау процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті

Қазақстанда өтіп жатқан Құрылтай сайлауын бақылаған Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю дауыс беру процесінің ашық әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті, деп KazFace.kz

Бұл туралы дипломат Халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Су Фанцюдің айтуынша, халықаралық бақылаушылар Алматы қаласындағы бірқатар сайлау учаскелеріне, соның ішінде №204, №361 және №622 учаскелеріне барып, комиссиялардың жұмысымен, дауыс беруді ұйымдастыру тәртібімен және сайлаушыларға жасалған жағдайлармен танысқан.

«Сайлаудың барынша ашық әрі жария өтіп жатқанын атап өту керек. Қазақстан халықаралық бақылаушылардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасады. Дауыс беру процесі қалыпты әрі ұйымдасқан түрде өтіп, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», – деді ҚХР Бас консулы.

Дипломат сайлау учаскелеріндегі азаматтардың белсенділігіне де назар аударды. Оның сөзінше, демалыс күніне қарамастан, Алматы тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Сонымен қатар халықаралық бақылаушылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысын да атап өтті.

Қытайлық бақылаушылардың айтуынша, сайлау барысында оның заңдылығы мен ашықтығына күмән келтіретін заң бұзушылықтар анықталмаған.

«Сайлау барысына күмән келтіретін заң бұзушылықтарды анықтаған жоқпыз. Қытай тарапы қазіргі сайлаудың демократиялық талаптарға сәйкес өткеніне көз жеткізді. Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отырғанына сенімдімін», – деді Су Фанцю.

Бас консул Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталып, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ ол Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшуі екіжақты байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Сөз соңында Су Фанцю Қазақстанға сайлауды табысты өткізуді, елдің одан әрі өркендеуін және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа жетістіктерге жетуін тіледі.