Елордада көптен күткен LRT қозғалысы басталды
Жұлдыз ОРАЗХАН
Астанада көптен күткен LRT іске қосылып, демалыс күндері тұрғындар жаңа көлік жүйесін көруге жаппай ағылды. Таңертеңнен бастап станциялар маңында адамдар қарасы көбейіп, жеңіл рельсті көлікке мінуге балалардан бастап үлкен кісілерге дейін кезекке тұрды.
Қала қонақтары мен тұрғындары үшін бұл жай ғана жаңа қоғамдық көлік емес, ерекше әсер сыйлаған сапарға айналды. Әуежайдан вокзалға дейін шамамен жарты сағатта жететін LRT жолаушыларға Астананы биіктен тамашалауға мүмкіндік берді. Терезеден көрінген заманауи ғимараттар мен елорданың көрінісі көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Демалыс күндері жолаушылар саны ерекше көп болды. Вагондар лық толып, станцияларда адам қарасы бір сәтке де азаймады. Алайда тұрғындар жаңа көлік жүйесінің ыңғайлылығына жоғары баға берді.
«Пробка жоқ, бағдаршамға тоқтамайды, баратын жеріңді алдын ала жоспарлауға өте ыңғайлы. Өзімізді ұшақпен ұшып келе жатқандай сезіндік», – деп өз қуанышын білдірді қала тұрғыны Бақыт Сейітұлы.
Тұрғындардың сөзінше, LRT қаланың дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жобалардың бірі. Жылдар бойы талқыланған жоба енді шындыққа айналып, Астананың жаңа келбетін айқындай түсті.
Қазіргі таңда LRT бағыты әуежай мен жаңа вокзалды байланыстырады. Ал болашақта желі кеңейіп, Косшы бағыты мен қаланың оң жағалауына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында екі деңгейлі ауысып міну станциясы салынбақ.
Айта кетейік, LRT жол ақысы әзірге 200 теңге болып бекітілді. Қала әкімдігі жаңа бағыттар іске қосылған жағдайда да тариф өзгермейтінін мәлімдеді.