Мәдени айнасы

Оқу мәдениетінің жаңа келбеті

Оқу мәдениетінің жаңа келбеті

Жұлдыз ОРАЗХАН

15 секундтық Reels, шексіз лента, секундына ауысатын трендтер мен сәт сайын келетін нотификациялар... Біз ақпаратты тұтыну жылдамдығы шегіне жеткен, зейіннің өзі ең тапшы ресурсқа айналған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сырт көзге қазіргі жас буынның ойлау қабілеті «клиптік» шеңбермен шектеліп, ұзақ мәтінді сіңіру қасиетінен мүлде айырылғандай көрінуі мүмкін. «Жастар кітап оқымайды, тек экранға телміреді» деген стереотиптің жиі айтылатыны да сондықтан. Осы пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын KazFace.kz тілшісі анықтап көрді. 

Мәселенің мән-жайын зерделеу мақсатында жастар арасында жүргізілген шағын сауалнама бұл стереотиптің жалпы жағдайдың беткі қабатын ғана қамтитын, заманауи оқырманның ішкі психологиясын ескермей жасалған үстірт қорытынды екенін көрсетті. Оқу мәдениеті жоғалған жоқ, керісінше, ол заман ырғағына сай трансформацияланған.

Сауалнамаға қатысқан бір оқырманның «Жастардың көбі думскроллингтен шаршады, қазір оқу мәдениеті қайтадан қарқын алып келеді» деп жазуы - осының айқын дәлелі. Цифрлық шу мен шексіз ақпараттық салмақтан қажыған жастар үшін кітап - бұл бұрынғыдай тек академиялық міндет немесе құрғақ білім қоры емес. Бұл - қарбалас заманда баяулаудың, өзіңді табудың және психологиялық тынығудың негізгі терапиялық құралы. Мәселе оқу-оқымауда емес, не үшін және қалай оқуда жатыр.

Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі 18-22 жас аралығындағы студенттер мен өмірдегі өз орнын, мамандығын, дүниетанымын енді қалыптастырып жатқан жас мамандар. Бұл - өз болмысын іздеген буын, ал дәл осы кезең адамды кітапқа жетелейтін ең қолайлы уақыт екені хақ. Қызығы, оқырмандардың басым бөлігі тұрақты графикке емес, ішкі қажеттілік пен көңіл-күйге сүйеніп парақ ашады. Сауалнамаға жауап берген студенттің сөзімен айтсақ: «Жастар қазір кітапты бұрыннан келе жатқан міндет болған соң емес, тек жүрек қалап, көңіл ауғанда оқиды». Бұл - «міндетті оқу» моделінен «эмоционалды оқу» моделіне көшудің нақты көрінісі. 

Сандық технологиялар қаншалықты шарықтағанымен, қағаз кітаптың дәуірі аяқталған жоқ, респонденттердің 55 пайызы әлі де дәстүрлі қағаз форматты артық көреді. Бұл цифрлық ұрпақ туралы тағы бір мифке қайшы келеді: экранның суық жарығынан шаршаған жанар керісінше қағаздың сусылы мен табиғи иісін, асықпайтын баяу ырғағын іздейді. «Айналамның бәрі кітапқа қарқынды түрде қызығуда. Қазір жастар кітапханалар мен Marwin секілді дүкендерде жиі кітап алып оқиды» деген оқырман пікірі бұл тенденцияның көшеде де, әлеуметтік кеңістікте де байқалып отырғанын дәлелдейді. Сонымен бірге, жастар контенттің сипатына қарай қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерін қатар тұтынады, ал қаржылай шектеулер электронды қорлар, кітапханалар мен буккроссинг мәдениеті арқылы өз шешімін табуда. 

Оқырман таңдауындағы жанрлық траекторияға үңілсек, бүгінгі жастардың неге дәл осы шығармаларға тоқтағанын түсіну қиын емес. Әлеуметтік желі бізге эмоцияны фрагмент түрінде: эмодзи, дыбыстық трендтер мен он секундтық видеолар арқылы ұсынады. Ал шынайы сезім сәттерге сыймайды, оған тереңдік пен уақыт керек. Халед Хоссейнидің «Тысяча сияющих солнц», Николас Спаркстың «Спешите любить» туындылары мен Фариза Төреәлінің «Жүректен жүрекке» еңбегі сияқты эмоционалды прозаға сұраныстың артуы - жастардың өз ішкі әлеміне қайта оралуының тәсілі. Сауалнамада бір оқырман бұл сезімді: «Кітап оқу - бұл өзге әлемге сүңгіп, онда болып жатқанның бәрін өз бойыңнан өткізу сезімі, ол - мен үшін екінші өмір» деп суреттепті. Бұл - түсінілу мен эмпатияға деген терең психологиялық сұраныстың айқын көрінісі. 

Жұлдыз Оразхан

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Ілияс Қожабаевтың «Жусан иісі» сияқты ұлттық классика мен Джордж Оруэллдің «Скотный двор» сияқты антиутопияларының бір арнада тоғысуы терең пайымды қажет ететін құбылыс. Жеке дағдарыс немесе жаһандық белгісіздік сәтінде адам әрқашан тұғырды тамырдан іздейді. Ұлттық классика - «мен кіммін, қайдан келемін» деген сұраққа жауап беретін айна болса, антиутопия - жүйені сұрақ астына алудың, ақпараттық манипуляцияға соқыр сенбеудің құралы. Сауалнамаға жауап берген жастардың «Кітап адамның дүниетанымын, мінезін, әдеттерін тәрбиелейді, ол білімділер заманының талабы» деуі осы ізденісті айғақтайды. Бұл таңдау жастардың тобырлық қасиетке ермей, шындықты өз бетінше саралап, сыни ойлауды дамытқысы келетінін көрсетеді. 

Шектен тыс ақпарат ағыны заманында фэнтези мен BookTok трендтерін жай «жеңіл әдебиет» деп сипаттау қате болар еді. Күні бойы дедлайн мен хабарламалар арасында жүрген ми үшін өзге әлемге ену - эскапизмнің оң формасы, назарды қалпына келтірудің психологиялық жолы.

Сауалнамада жастардың «миды тынықтыру үшін» немесе «бір мезгіл тыныштық тауып, өзіңмен және өз ойыңмен оңаша қалу үшін оқимын» деп жиі жазуы тегін емес. 

Бұл жерде респонденттердің 65 пайызында сыртқы жарнама немесе блогерлердің кеңесі емес, ішкі жеке қызығушылық шешуші рөл атқарады. TikTok пен Instagram кітапты тек таныстырады, бірақ парақты ашу туралы шешімді оқырманның өзі қабылдайды. 

Осы деректерді бір арнаға тоғыстырсақ, заманауи оқырманның басты портреті шыға келеді: жастар ақпараттан қашпайды, олар оның шексіз жылдамдығынан демалғысы келеді. Кітап бүгінде ескілік те, статус белгісі де емес, ол телефонды бір сағатқа жауып, бір оймен, бір кейіпкермен оңаша қалу қабілеті. Сауалнамаға қатысқан оқырман мұны өте дәл тұжырымдапты: «Кітап - бір адамның бүкіл өмірлік тәжірибесін бір орында тұрып-ақ алудың жалғыз тәсілі».

2026 жылы кітап оқу - сәнге айналған трендке соқыр түрде еру емес, бұл уақыт өте келген саналы таңдау. Уақыттың, ақпараттың, шексіз хабарламалар мен жарықдиодты экрандардың астында қалған әлемде қолына қағаз кітап ұстаған жас адам өзінің психологиялық шекарасын қорғауды үйренді. Дәл қазір асықпай парақтарды аудару - цифрлық шуды өшіріп, өз-өзіңмен оңаша қалудың, менталды саулықты сақтаудың және мағыналы өмірдің ең әдемі символына айналып отыр.