Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші артты
Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау деңгейі 35%-ға дейін өсті. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Министрдің айтуынша, елде скринингтік бағдарламалар жаңғыртылып, бүгінде онкологиялық тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді. Сонымен қатар инсультті ерте анықтауға бағытталған жаңа скрининг енгізіліп, қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді.
«Скрининг нәтижесінде 320 мың адам динамикалық бақылауға алынды. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау 35%-ға дейін өссе, тиімді зерттеулермен қамту көрсеткіші 4%-дан 38%-ға дейін артты», — деді министр.
Ведомство дерегіне сәйкес, елімізде инсульт орталықтарының желісі қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта 85 заманауи орталық халықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр.
Сондай-ақ инфаркт кезінде жедел көмек көрсетудің «алтын сағат» қағидатын сақтау мақсатында 48 коронография орталығы жұмыс істейді. Мұндай медициналық нысандар ауылдық жерлерде де кезең-кезеңімен ашылуда.
Сарапшылардың пікірінше, скринингтік бағдарламаларды жетілдіру халық денсаулығын сақтауда және қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтауда маңызды рөл атқарады.