Қоғам

Елде ерекше қажеттілігі бар жандарға арнайы вагондар енгізіледі

Елде ерекше қажеттілігі бар жандарға  арнайы вагондар енгізіледі

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Қазақстанда теміржол көлігінде ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы вагондар кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан  Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында көлік қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Негізгі үш бағыт қамтылған: инфрақұрылым, көлік және қызмет көрсету сапасы.

Бүгінде теміржол құрамдарының шамамен 90%-ы көтергіш құрылғылармен және бейімделген купелермен жабдықталған. Ал 2030 жылға дейін әрбір пойыз құрамында кемінде бір арнайы вагон болуы жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, вокзалдарды қайта жаңғырту бағдарламасы аясында пандустар, лифтілер, арнайы көтергіштер орнатылып, билет кассалары мен санитарлық тораптар да ерекше қажеттілігі бар жандарға бейімделуде.

Әуе көлігі саласында да қолжетімділік деңгейі артып келеді. Әуежайлар ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті базалық жағдайлармен қамтамасыз етілген.

Автомобиль көлігі бағытында да инклюзивтілік кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазіргі таңда автовокзалдар мен автостанциялардың шамамен 80%-ы, ал қалалық автобустардың 79%-ы қолжетімділік талаптарына сәйкес келеді.

Бұдан бөлек, инватакси қызметі де қарқынды дамып келеді. Соңғы уақытта автопарк 30%-ға ұлғайып, 1426 бірлікке жеткен.

Мамандардың айтуынша, қолға алынған шаралар көлік саласында барлық азаматтар үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.