Фонограммамен ән айтатындарға талап күшейді
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қазақстанда концерттік іс-шараларды өткізу ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Енді орындаушылар мен ұйымдастырушылар фонограмманы пайдалану туралы көрерменге алдын ала ескертуге міндетті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жаңа қаулыға сәйкес, музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограмма қолданылатын болса, бұл ақпарат барлық жарнамалық өнімдерде (афишалар, билеттер, хабарландырулар) көрсетілуі тиіс. Бұл шара көрерменнің сапалы өнім алу құқығын қорғауға және мәдениет саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа талаптарға сай:
- Фонограмма қолданылатыны туралы ақпарат афишаның төменгі жағында, анық көрінетін қаріппен жазылуы керек;
- Егер әртіс толықтай немесе ішінара фонограммамен ән айтса, бұл туралы билет сатылатын кассаларда да ескерту болуы тиіс;
- Талапты бұзған ұйымдастырушыларға заң аясында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Министрлік бұл қадам отандық эстраданың кәсіби деңгейін көтеріп, "жанды дауыста" өнер көрсететін әншілерді қолдауға септігін тигізеді деп сеніп отыр.