Актер Нұрсұлтан Жақсыген түрмеге қамалды — Kazface.kz
Жұлдыздар өмірі

Актер Нұрсұлтан Жақсыген түрмеге қамалды

Актер Нұрсұлтан Жақсыген түрмеге қамалды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайы Фариза Сабырәлиева туралы әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қылмыстық іс Алматы облысының Қарасай аудандық сотында қаралды. Жақсыген Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды.

Іс актердің бұрынғы жұбайы Фариза Сабырәлиевамен арадағы дауға байланысты қозғалған. Сабырәлиева әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын әрі ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін ақпараттар таратылғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер белгілі бір уақыт бойы жалғасқан.

Бұған дейін Жақсыген өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол әлеуметтік желілерде өзінің атынан жалған аккаунттар ашылып, даулы жазбалардың бір бөлігін өзі жарияламағанын айтқан.

Сот Нұрсұлтан Жақсыгенге 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім жарияланғаннан кейін актер сот залында қамауға алынды.

Сонымен қатар сот Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 5 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.