Жаңалықтар

QOSTANAI TECH: цифрлық трансформацияның жаңа орталығы

QOSTANAI TECH:  цифрлық трансформацияның жаңа орталығы

Қостанайда өткен «QOSTANAI TECH» ауқымды технологиялық фестивалі өңірдің цифрлық даму бағытындағы көшбасшылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды KazFace.kz.

10 мыңнан астам адам қатысқан іс-шара қала кеңістігін біртұтас инновациялық алаңға айналдырып, өнеркәсіп, ғылым, білім және IT салаларын тоғыстырды.

Фестивальдің ашылуында облыс әкімі Құмар Ақсақалов цифрландыру мен жасанды интеллект өңір экономикасының басты драйверіне айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі бойынша республикада 4-орында тұр. Жалпы экономиканың 70 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Қазіргі таңда өндіріс орындарында 145 өнеркәсіптік робот жұмыс істеп, цифрлық басқару жүйелері мен жасанды интеллект элементтері кеңінен енгізілуде.

Аграрлық секторда да цифрлық технологиялар белсенді қолданылып жатыр. Егістік алқаптарының 100 пайызы, жайылымдардың 90 пайызы және шабындықтардың 95 пайызы цифрландырылған. Соның нәтижесінде шығындар 40 пайызға дейін азайып, өнімділік 30 пайызға артқан, ал өндірістік шығындар 15 пайызға қысқарған.

Фестиваль аясында TED форматындағы халықаралық сессиялар ұйымдастырылып, әлемдік сарапшылар тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеп, болашақ білім беру жүйесінде құндылықтардың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараның басты ерекшелігі – оның қала инфрақұрылымымен үйлесімді интеграциялануы. Ашық алаңдарда ғылыми тәжірибелер, инженерлік көрсетілімдер, робототехника көрмелері мен дрон технологиялары таныстырылды. Ал «Жастар сарайы» заманауи «ақылды қала» моделіне айналып, интерактивті цифрлық инсталляциялармен жабдықталды.

Жасанды интеллект, робототехника және дрон-футбол сияқты бағыттар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар студенттер арасында өткен хакатонда AI негізіндегі цифрлық шешімдер ұсынылып, нақты салаларға арналған жобалар әзірленді.

Фестиваль шеңберінде өнеркәсіптік туризм бағыты да іске қосылды. Қатысушылар Allur, KIA және «Агромаш» зауыттарының өндірістік процестерімен танысып, заманауи технологиялардың нақты қолданысын көрді.

Осылайша, «QOSTANAI TECH» фестивалі Қостанай облысының цифрлық экономикаға бет бұрғанын айқындап, өңірдің білім мен инновацияға негізделген жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетті.