Жұлдыздар өмірі

Әлеуметтік желіде коуч ерекше баласы бар ананы кемсітті

Әлеуметтік желіде коуч ерекше баласы бар ананы кемсітті

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Коуч Сабырбайдың өз парақшасында жариялаған видеосы кеңінен тарап, қоғам тарапынан үлкен наразылық тудырды. Бейнежазбада ол ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған анамен әңгіме барысында әдепсіз әрі кемсітуші пікірлер айтқан, деп хабарлайды KazFace.kz.

Видеода коуч әңгімені әйелдің жасын сұраудан бастап, оның сырт келбетін сынға алған. Әйел өзінің 38 жаста екенін айтқан кезде, Сабырбай оны жасы үлкен көрінетіні үшін айыптап, өзін күтпейтінін алға тартқан.

Әңгіме барысында ана баласының ерекше даму қажеттілігі бар екенін айтып, ұзақ уақыт бойы баламен ауруханада жатқанын, барлық күш-жігерін соған арнағанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір бала анасын таниды, құшақтайды, алайда әлі сөйлей алмайды.

Алайда коуч  баланың дамымай қалуын ананың жеке өмірімен байланыстырып, жүктілік кезіндегі шешімдері мен ер адамдарға деген көзқарасын сынға алған. Ол баланың жағдайын ананың «ер адамдарды әлсіз деп қабылдауымен» байланыстырған пікір айтқан.

Бейнежазба желі қолданушыларының қатты сынына ұшырады. Көпшілік коучтың сөздерін адамгершілікке жат, этикаға сай емес және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды кемсіту деп бағалады. Қолданушылар мұндай мәлімдемелер қоғамда стигма қалыптастырып, аналарға психологиялық қысым жасайтынын атап өтті.

Қазіргі таңда бұл жағдайға қатысты қоғамдық резонанс күшейіп, желіде коучтың жауапкершілігі мен айтқан сөздері үшін кешірім сұрауы қажет деген талаптар айтылуда.