Сұхбат KazFace.kz

Еңбек адамын дәріптеу: Есілдегі «Органико» шаруашылығының табысы артында кімдер тұр

Еңбек адамын дәріптеу: Есілдегі «Органико» шаруашылығының табысы артында кімдер тұр

Карина НЕГМЕТОВА

Ақмола облысы Есіл ауданының егіс алқаптарында жұмыс қыза түсті. Қолында рация, көз алдында комбайнның қозғалысын қадағалап тұрған Виктор Нестеренко үшін бұл  жай ғана жұмыс емес, өмірінің бір бөлігі. Ол төрт жылдан бері «Органико» шаруашылығында еңбек етіп келеді, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі. 

«Қазір сәбіз жинап жатырмыз, картопты ертерек жинап алдық. Биыл өнім жақсы, ауа райы да қолайлы. Барлығы жоспармен жүріп жатыр», – дейді ол сәл күлімсіреп. 

Виктор Викторович  нағыз әмбебап жұмысшы. Жазда ол комбайн тізгінінде болса, қыста жылыжай мен қазандықта еңбек етеді.

«Қыста да жұмыс тоқтамайды. Жылыжайды жылытып, қияр өсіреміз, көктемге көшет дайындаймыз. Жалақы уақытында, техника жаңа, ұжым тату бәрімізге жағдай жасалған», – дейді ол.

Осындай қарапайым, бірақ адал еңбегімен елге азық жеткізіп жүрген жандардың арқасында өңір экономикасы да өсіп келеді.

«Органико» ЖШС  Есіл ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі. Кәсіпорынның тарихы 1996 жылдан бастау алады. Бұрын негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысқан ұжым соңғы жылдары өндірісті әртараптандыруға, яғни көкөніс өсіруге ден қойды.

Кәсіпорын директоры Дамир Болданов бұл шешімді уақыт талабына сай жасалған қадам деп есептейді.

«Біз бизнесті диверсификациялап, жаңа бағыт көкөніс шаруашылығын таңдадық. Биыл 80 гектарға сәбіз, 100 гектардан астам жерге картоп ектік. Орташа өнімділік гектарына шамамен 80 тонна. Бұл  өте жақсы көрсеткіш», – дейді ол.

Негізгі өнім  сәбіз бен картоп  SMALL супермаркеттер желісіне жөнелтіледі. Өнімнің басым бөлігі Астанаға кетсе, жылыжайда өсірілген қияр жергілікті нарық пен Қостанай қаласына сатылады.

Кәсіпорында цифрлық басқару жүйелері енгізілген, суару мен тыңайтқыш беру процестері автоматтандырылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылық заманауи техника алып, жұмыс өнімділігін арттырған.

Қазір «Органико» ұжымында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Әрқайсысы өз ісінің шебері. Ал өндірілетін өнім экологиялық тұрғыдан таза әрі сапалы.

«Біздің мақсатымыз  тәуекелдерді азайтып, бизнесті кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосу», – дейді Дамир Болданов.

«Органико» бұл тек шаруашылық қана емес, өз еңбегімен ел ырысын еселеп жүрген адамдардың үлкен ұжымы. Ал олардың табысының кілті  жерге, іске және өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілікте.