Арқалық пен Рудный қалаларының бұрынғы прокуроры 4,5 жылға сотталды
Қостанай қаласының №2 сотында 31 қазан күні Марат Успановқа қатысты үкім шықты. Ол бес жыл бойы Арқалық қаласының, кейін бір жыл Рудный қаласының прокуроры қызметін атқарған, деп хабарлайды KazFace.kz.
Тергеу мәліметінше, бастапқыда Успановқа «ірі көлемде пара алуға оқталу» бабы бойынша айып тағылған. Алайда, ұсталған сәтте табылған 20,1 миллион теңгенің 8,1 миллионы жалған ақша болып шыққандықтан, іс қайта сараланып, айып неғұрлым жеңіл бап – «пара алуға оқталу» ретінде өзгертілді. Бұл туралы Қостанайские новости басылымы жазды.
Сотта соңғы сөзін айтқан Марат Успанов туыстары айыппұлды төлеп беруге дайын екенін жеткізді. Іс барысында оның туыстарының есепшоттарында 500 миллион теңгеден астам қаражат бар екені де белгілі болды.
Дегенмен сот оны бостандықпен шектеу жазасына емес, нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға кесті. Успанов 4 жыл 6 ай мерзімге орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейтін болды.
Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Айта кетейік, 2025 жылдың 28 қыркүйегінде Рудный қаласының прокуроры ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.