Әлем жаңалықтары

Америкалық Кэмерон Фарр Димаш үшін қазақ тілін меңгерген

Америкалық Кэмерон Фарр Димаш үшін қазақ тілін меңгерген

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

АҚШ-тың Атланта қаласынан шыққан  18 жастағы Кэмерон Фарр Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болып, қазақ тілін үйрене бастаған. Ол тіпті өзіне қазақша Айбала Құдайбергенқызы деген есім берген, деп хабарлайды KazFace.kz.

Ол бірнеше жыл бойы қазақ тілін өздігінен үйреніп, ұлттық мәдениетті жан-жақты насихаттап жүрген танымал жас контентмейкерге айналды.

Айбаланың ерекшелігі – оның тек қазақша сөйлеп қана қоймай, жалпы 17 тілді еркін меңгеруі. Дегенмен, өзінің айтуынша, қазақ тілі – ерекше ықыласпен, жүрек қалауымен үйренген тілдерінің бірі. Оның қызығушылығы 14 жасында Қазақстан туралы кітаптан басталып, содан бері YouTube сабақтары мен онлайн-платформалар арқылы тілді жетілдіріп келеді.

Жас америкалықтың қазақша есім таңдауы да бекер емес. Ол Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына бала кезден бері ғашық екенін айтады. Тіпті, сүйікті әншісінің құрметіне өзінің жаңа есімін де “Құдайбергенқызы” деп бекіткен.

Айбала қазақ музыкасын ерекше ұнатады. Оның плейлистінде Димаштан бөлек Мирас Жүгінісов, Kalifarniya, Бүркіт, 2Rar, сондай-ақ Мұхтар Ханзаданың «Шаршама» әні жиі ойнайды. Ал болашақ жоспары тіпті қызық — ол Қазақстанға бірнеше айға келіп, қазақ өмірін жақыннан сезініп, тілді одан әрі тереңдетуді армандайды.

Әлеуметтік желі қолданушылары Айбаланың қазақ тілін еркін меңгеруі мен мәдениетке деген құрметін жылы қабылдап, оған алғыс айтып, «Қош кел, Айбала!» деп қолдау білдіруде.