Шымкентте олимпиада қатысушылары жаппай уланды
Шымкентте М. Әуезов атындағы жоғарғы оқу орнында өтіп жатқан олимпиада кезінде оқушылар жаппай уланған, деп хабарлайды KazFace.kz.
Аталған жайт бойынша «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы да, Оқу-ағарту министрлігі де мәлімдеме жасады.
21 наурыз күні олимпиаданың 904 қатысушысының 12-сінде дене қызуының көтерілуі, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы түрінде сырқат белгілері пайда болды. Шақырылған жедел жәрдемнің медицина мамандары қарап шыққаннан кейін балаларды Шымкент қаласының инфекциялық ауруханасына жеткізу шешімі қабылданды. Қазір балалардың жағдайы тұрақталды. Шымкент қаласының санитариялық-бақылау қызметі болған оқиғаның себебін анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Балалар медицина мамандарының бақылауында. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті аталған қатысушыларға психологиялық көмек көрсетуде, – делінген «Дарын» орталығының ресми мәліметінде.
Дегенмен, ашық ақпарат көздері 15 бала уланғаны туралы хабарлайды. Ал, олимпиаданың екінші кезеңі белгіленген уақытта басталып, жалғасып жатқан көрінеді. Орталықтың айтуынша, денсаулық жағдайына байланысты олимпиаданы жалғастыра алмаған оқушыларға ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Шымкентке вице-министр бастаған делегация жіберілген.
Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен вице-министр Шолпан Каринова, Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары, Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы бастаған жұмыс тобы сол жерге аттанып кетті. Жұмыс тобы әрбір мәселені мұқият тексеретін болады. Жағдай Оқу-ағарту министрлігінің жеке бақылауында», – деді министрдің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханова.
Айта кету керек, жаратылыстану-математика пәндері бойынша олимпиада өтіп жатқан М. Әуезов атындағы жоғарғы оқу орнының ректоры Дәрия Қожамжарова жуықта өткен сайлауда "Аманат" партиясы атынан депутаттыққа кандидат болған.