Астанада жол жүктемесін азайту үшін жұмыс уақыты өзгеру

Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мегаполистегі таңғы жолдағы кептелісті азайту үшін бірқатар шараларды қарастырып жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.
Атап айтқанда, кейбір мемлекеттік мекемелер, бюджеттік ұйымдар мен коммуналдық қызметтердің жұмыс кестесін өзгерту мәселесі қаралуда. Мысалы, олардың жұмыс күні сағат 8:30-дан басталуы мүмкін. Бұл басқа астаналықтармен бір мезгілде жолға шықпауы үшін қолға алынбақ.
«Қазіргі таңда ұсынылған бастама талқылау кезеңінде. Тамыз айына дейін оның тиімділігіне талдау жүргізіледі. Соның нәтижесінде нақты шешім қабылданады», деді басқарма өкілдері.
Бұл жаңалық әлеуметтік желі қолданушыларының түрлі пікірін тудырды. Бірі: «Бюджеттік ұйымдар онсыз да 8:30-да жұмысын бастайды», — десе, енді бірі: «Уақытты бұрынғы қалпына келтіріңіздер», — деп жазды.
Сондай-ақ кейбір тұрғындар көлік қозғалысына кедергі келтіретін өзге де мәселелерді көтерді. Мысалы, «Аула-аудандардың әрқайсысында өз мектебі мен балабақшасы болса, балалар алысқа бармай-ақ өздері барар еді» немесе «Екі жақтан көше шетіне көлік қоюдың кесірінен қозғалыс қиындайды, ең болмаса, автотұрақтарды тегін қылсын», — деген пікірлер айтылды.
Жол қозғалысын жеңілдетуге бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта қала тұрғындарының пікірлері мен нақты деректерге сүйене отырып жүзеге асырылмақ.