Билік

Арнайы қызмет орталықтарына 540 адам тұрақты жұмысқа қабылданды

Арнайы қызмет орталықтарына 540 адам тұрақты жұмысқа қабылданды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен шараларының нәтижесінде 540 азамат субсидияланатын жұмыс орындарынан кейін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына  тұрақты жұмысқа қабылданды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Осы жылдың басынан бері еңбек мобильдігі орталықтары 3,8 мың жұмыссызды субсидияланатын жұмыс орындарына тарту үшін еліміздегі 189 ӘӘҚКО-мен жалпы сомасы 519,8 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Осы келісімдер аясында қаңтар–наурыз айларында 919 адам жұмыспен қамтылды. 

Оның ішінде: 8 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 100 адам – жастар практикасына, 728 адам – қоғамдық жұмыстарға, 75 адам – «Күміс жас» жобасы бойынша, ал 7 және 1 адам – «Алғашқы жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісімі» жобалары арқылы жұмысқа орналасты.

Жұмысқа орналасқан азаматтармен еңбек шарттары жасалып, жалақы төлемдері жергілікті бюджет есебінен еңбек мобильдігі орталықтары арқылы жүзеге асырылды.

Қосарланған қаржыландыруды болдырмау мақсатында министрлік пен жергілікті атқарушы органдар тұрақты жұмысқа қабылдау бойынша ӘӘҚКО-мен бірлесіп жұмыс атқарды. Нәтижесінде 540 адам орталықтардың штаттық құрамына алынды. Бұл шара 212,6 млн теңге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беріп, бұл қаражат енді әлеуметтік осал топтағы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларына бағытталады.