Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот ісі аяқталды

Талғарда орын алған 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісіне байланысты тоғыз айыпталушы түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Судья алғашқы сот үкімін шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл қылмыстық істе басты айыпты ретінде танылған Абзал Шынасыл Шерзат Полатқа өлімге әкелген пышақ жарақатын салды деген айыппен 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған «қару қолдана отырып бұзақылық жасау» бабы бойынша да айып тағылды.
Равиль Сакиев «адам өлтіруге оқталу» және «қару қолдана отырып бұзақылық жасау» баптары бойынша 20 жылға сотталды.
Дархан Аскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахмет қару қолдана отырып бұзақылық жасады деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұрын сотты болған Нұркияс Ильясов пен Азамат Тоқтаубаев та дәл осы бап бойынша кінәлі деп танылып, сәйкесінше 9 және 15 жылға сотталды.
Істегі жалғыз кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақ «қылмыс туралы хабарламау» бабымен айыпталып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот шешімімен Абзал Шынасыл жәбірленуші тарапқа 60 миллион теңге, Сакиев 30 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Қалған айыпталушылар да (Ысқақтан басқа) бірлесіп тағы 30 миллион теңге өтеуге міндеттелді.
Сот процесінде айыпталушылардың ешқайсысы Шерзатқа пышақ салғанын мойындамады. Тіпті басты айыпталушы Шынасыл өз мойындауын тергеу кезінде достарымен келісе отырып бергенін айтып, кінәсін жоққа шығарды.
Айыпталушылардың кейбірі марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовты жанжалға себепкер болды деп, оны жауапқа тартуды талап етті. Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов тіпті пышақ Шерзаттың өз әкесінен абайсызда тиюі мүмкін деген нұсқаны алға тартты.
Алайда жәбірленуші тараптың адвокаттары бұл мәлімдемелерді айыптылардың жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп бағалады. Адвокат Мейірман Шекеев айыпталушылардың кейбірі бұған дейін де бірнеше рет сотталғанын, бірақ жеңіл жазамен құтылғандықтан, өздерін жазасыз қалатын адам ретінде сезінгенін айтты. Адвокат Бағдагүл Әжіғәлиева болса, айыпталушылар Шерзаттың анасының жалынышына қарамастан ұрып-соғуды жалғастырғанын айтты. Оның айтуынша, сарапшылар дер кезінде көмек көрсетілгенде, Шерзаттың өмірін сақтап қалуға болар еді.
Адвокаттар тергеудің сапасына да сын айтты. Сотта белгілі болғандай, тергеу барысында айыпталушылардың уақытша ұстау изоляторындағы сөйлесуі жазылған бейнематериал сақталған диск жоғалып кеткен. Прокуратура бұл диск заңсыз жазылған деп танылып, дәлелдер қатарынан шығарылғанын мәлімдеді.
Сот процессі кезінде Жоғарғы соттың мәліметінше, бірнеше куәгер — Д.Жақсыгелді, Э.Нұрбекова, А.Қазаакенов, Ю.Рузбакиевтердің әрекеттерінде қылмыстық белгі болуы мүмкін деген негізбен тергеу органдарына жеке қаулы жолданған.
Бұл іс бойынша тергеу толық аяқталды деуге болмайды. Куәгер қыздарға қатысты қосымша тергеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі болды.