«Enbek» биржасында сұраныс пен ұсыныс артты

2025 жылғы сәуірде «Enbek» электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер белсенділігі артты. Ай ішінде 97,5 мың бос жұмыс орны мен 115 мың түйіндеме орналастырылып, наурызбен салыстырғанда тиісінше 22% және 21% өсім байқалды,деп хабарлайды KazFace.kz.
Сұраныстың басым бөлігі орта білікті мамандарға тиесілі. Кейін жоғары білімділерге және біліктіліксіз қызметкерлерге жұмыс ұсынылған. Бұл орта буын мамандарына деген тұрақты қажеттілікті көрсетеді.
Өңірлер арасында ең үлкен өсім Ақмола (+59%), Түркістан (+55%) және Абай (+53%) облыстарында тіркелді. Сонымен қатар, түйіндемелер саны Абай (+47%), Батыс Қазақстан (+43%) және Атырау (+29%) өңірлерінде едәуір артты.
Жұмыс іздеушілердің 57%-ын әйелдер, 43%-ын ерлер құрайды. Жас ерекшелігі бойынша 18-35 жас аралығындағы жастар белсенділік танытты (45,6%).
Жалақы күтілімі мен ұсынысы арасында айырмашылық бар: мысалы, ауылдық басқару органдарындағы бас маманға – 1,9 млн теңге, комплаенс маманына – 1,1 млн теңге ұсынылса, басшылық және IT-дизайн саласында бұл көрсеткіш 8-9 млн теңгеге дейін жеткен.
Сәуірдегі деректер еңбек нарығында оң динамика мен жастардың белсенділігін айқын көрсетті.