Зерттеулер

Ақбөкендер қайта оралды: экологияға қауіп пе, әлде игілік пе?

Ақбөкендер қайта оралды: экологияға қауіп пе, әлде игілік пе?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ 

Соңғы апталарда Ақмола облысының далалы өңірлерінде мыңдап жүрген ақбөкендердің видеолары әлеуметтік желілер мен чаттарда кеңінен тарады. Топ-тобымен шапқылап жүрген киіктердің кейбір егістік алқаптарынан өткен сәті жергілікті диқандарды алаңдатпай қоймады. Бұл құбылыс қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр. Сонымен, ақбөкендердің күрт көбеюі экожүйе үшін қауіп пе, әлде табиғаттың қайта тыныстауы ма? Kazface.kz тілшісі осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Ақбөкен мұз дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқан сирек сүтқоректі. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, бұл жануар шамамен 100–200 мың жыл бұрын пайда болған. Ол кезде киіктер қазіргі Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаға дейін таралған. Франция, Англия, Германия, Ресей және Қазақстан аумақтарынан табылған сүйек қалдықтары мұны дәлелдейді.

Климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруіне байланысты олардың таралу аумағы Еуразияның далалық, жартылай шөлейт өңірлерімен шектеліп қалды. Қазіргі уақытта ақбөкендер негізінен Қазақстан, Ресейдің Қалмақ даласы, Өзбекстан мен Моңғолияның батыс бөлігінде мекендейді.

Ақбөкен  ашық далада өмір сүруге бейімделген, ерекше ағза құрылысына ие аң. Оның үлкен, дөңгелек тұмсығы  шаң-тозаңды сүзуге, ауаны салқындатуға арналған. Киіктердің көру және иіс сезу қабілеті өте жоғары. Сағатына 70–80 шақырым жылдамдықпен жүгіруге қабілетті бұл жануарлар нағыз табиғи эволюция жетістігі.

 Қазақстандағы киік популяциясы

Қазақстанда ақбөкеннің үш негізгі популяциясы бар:

Бетпақдала популяциясы – Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарын қамтиды;

Үстірт популяциясы – Маңғыстау және Ақтөбе өңірінде;

Орал популяциясы – Батыс Қазақстан облысында мекендейді.

КСРО кезеңінде, әсіресе 1970–1980 жылдары олардың саны 800 мыңнан асқан. Алайда 1990 жылдары браконьерлік, заңсыз аңшылық және жұқпалы аурулар салдарынан саны күрт азайды. 2003 жылы ақбөкен саны 20 мыңнан төмен түсіп, Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілді.

Қазақстан Үкіметі мен халықаралық ұйымдардың кешенді шараларының арқасында соңғы жылдары киік популяциясы қайта қалпына келе бастады. 2024 жылғы деректер бойынша елдегі ақбөкен саны 1 миллионнан асты.

Бұл көрсеткіш астықты өлке ретінде танымал  Ақмола облысын да айналып өтпеді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өңір аумағында қазіргі таңда 90–95 мыңдай ақбөкен бар. Көктемгі көші-қон кезінде олардың саны 500–600 мыңға дейін жеткен.

«Ақбөкендердің Бетпақдала популяциясы бүгінде Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың, Целиноград және Қорғалжын аудандарында кездеседі. Миграция жолы жылдан-жылға кеңейіп, бұл жануарлар қазір Қарағанды облысының Бетпақдала аймағына дейін жетті», – дейді инспекция өкілдері.

Ақбөкендердің жаппай егістік жерлерге басып кіруі  шаруалар үшін күрделі мәселе. Тек көктемнің өзінде бірнеше ауданның диқандары нақты шығын шеккен. Осыған орай Экология министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігі арнайы жедел штаб құрып, 24 жұмыс тобы (59 адам) киіктерді егістік алқаптарынан айдап шығару шараларын жүргізуде.

«Біз шаруашылықтармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Таңғы 4-тен бастап ауа райына байланысты киіктерді қауіпсіз аймақтарға бағыттаймыз. Алайда кейбір аудандардағы сай-жыралар бұл іске кедергі келтіреді», – дейді инспекция басшысының орынбасары Арман Тұрумбаев.

Мамандардың пікірінше, киіктердің көбеюі  экожүйенің қалпына келе бастағанының белгісі. Ақбөкен  жайылым жерлердің табиғи реттеушісі. Ол шөптердің артық өсіп, дала өртінің туындауын шектейді, ал өзі көптеген жыртқыш аң-құстар үшін азық көзі болып табылады.

БҰҰ-ның 2025 жылғы баяндамасына сәйкес, планетада жыл сайын 1 миллионға жуық түр жойылу қаупінде тұр. Мұндай жағдайда киіктердің табиғи жолмен көбеюі сирек кездесетін әрі құнды құбылыс.

Ақбөкен қазақ даласының ежелгі иесі әрі қазіргі табиғи экожүйенің маңызды мүшесі. Ақмола даласына қайта қаптап келуі табиғаттың өз заңымен тыныстап жатқанының айғағы. Бірақ бұл құбылыстың ауыл шаруашылығына әсерін де ескерусіз қалдыруға болмайды. Табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдікті сақтау  барша қоғамның ортақ міндеті.