Билік

Экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов үш жылға сотталды

Экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов үш жылға сотталды

Астана қаласының соты Қазақстан мен Ресейдің 2018 жылы өткен XV Өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің директоры Ляззат Көккозоваға  сот үкім шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Ерлан Қожағапанов ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы – «ауыр салдарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану» бойынша кінәлі деп танылды. Сот деректеріне сәйкес, ол вице-министр лауазымында жүріп, іс жүзінде орынсыз, артық шығын сметаларын бекіткен. Соның салдарынан мердігер компания заңсыз пайдаға кенеліп, мемлекетке едәуір залал келген.

Сот Қожағапановты үш жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға тыйым салды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік марапаттарынан айырылды. Қамауда өткізген уақыты жаза мерзіміне есептелді.

Ал Ляззат Көккозова ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – «өзіне сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылды. Соттың мәліметінше, Көккозова 2,9 млрд теңгеге жалған смета ұсынып, соның 1,9 млрд теңгесін иемденіп, мемлекетке қомақты шығын келтірген.

Оның жасы ескеріліп, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, оған жеті жыл бойы басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Қамаудағы уақыты да жаза мерзіміне қосылды.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қожағапановқа жеті жыл, Көккозоваға сегіз жыл жаза сұраған болатын. Алайда сот жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, үкімді жұмсартты.