Жаңалықтар
Пресс-релиз

Астанада Рубик текшелерінен Елтаңба жасалды

Астанада Рубик текшелерінен Елтаңба жасалды

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Kazakhstan Speedcubing Federation командасымен бірлесіп Елордада ерекше патриоттық акция өткізді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Астанада Нұржол бульварында 3 мыңнан астам Рубик текшесінен құрастырылған Мемлекеттік Елтаңбаның пиксельдік панносы жұрт назарына ұсынылды.

Көлемі 4x3 метрлік туындыны жасауға 10 сағат уақыт жұмсалған. Әр текше түс алгоритмі бойынша іріктеліп, жоғары дәлдікпен орналастырылған. Акция авторларының айтуынша, мұндай креативті тәсіл жастардың патриоттық сезімін арттырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін нығайтуды көздейді.

«Біздің мақсат – жастардың Елтаңбаға деген рухани байланысын қалыптастыру. Шаңырақ, тұлпар мен жұлдыз бейнесі – халқымыздың тарихы мен болашағына деген сенімді білдіреді», – деді «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова.

Ал спидкубинг шебері Әлихан Ертұрсын бұл жобаның жоғары зейін мен үйлесімді командалық жұмысты талап еткенін айтты. 

«Елтаңбаның эскизін арнайы бағдарламада пішіндеп, бөліктерге бөліп, нақты жоспармен жүзеге асырдық. Мұндай ерекше өнер туындысы – елорда тұрғындарына патриоттық серпін сыйлайды», – деді ол.

Айта кетейік, «Жастар Рухы» жастар қанаты жастар арасында азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында түрлі интеллектуалды ойындар, челлендждер мен креативті шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.