Қоғам

Қазақстандықтардың жеке деректері базалардан ұрланып, сатылған

Қазақстандықтардың жеке деректері базалардан ұрланып,  сатылған

Қазақстанда азаматтардың жеке деректерін заңсыз сатып келген қылмыстық топ әшкереленді. Бұл туралы ІІМ Киберқылмыспен күрес департаменті мен ҰҚК бірлесіп хабарлады, деп жазды KazFace.kz.

ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, жеке мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан заңсыз жолмен алынған және Telegram арналар арқылы таратылған. Тіпті кейбір коллекторлық агенттіктерге де берілген.

«Бұл іске қатысты 140-тан астам адам ұсталды. Олардың қатарында компания иелері мен Telegram-арналардың әкімшілері бар. Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынды. Коллекторлық ұйымдарға жүргізілген тінту кезінде 400-ден астам компьютерлік және электрондық техника тәркіленді», – деді Жандос Сүйінбай.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша істер қозғалды:

– 205-баптың 3-бөлігі (ақпаратқа заңсыз қол жеткізу),

– 147-баптың 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен жеке деректер туралы заңнаманы бұзу),

– 211-баптың 3-бөлігі (шектеулі қолжетімділігі бар электрондық ресурстарды заңсыз тарату).

«Қазіргі таңда осы іске қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр», – деп толықтырды департамент басшысы.