Пост жазған қырғыз блогері жауапкершілікке тартылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Ош облысында әйелін қызғаныштан атып өлтірген ер адамға қатысты оқиға ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Қоғамда бұл қайғылы оқиға қызу талқыланып жатқанда, бішкектік блогер Айбек Уланов Threads желісінде әйелді қорлайтын жазба қалдырды, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.
Бішкектік блогер Айбек Улановтың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы ел ішінде ашу-ыза туғызды. Ол Threads желісінде былай деп жазба қалдырды.
«Егер әйеліңіз 20 жылдық кездесуде сыныптасымен жақындасып қойғанын білсеңіз, не істер едіңіз?» деп ойын білдірді ол.
Бұл пікір қоғамда үлкен наразылық туғызды. Желі қолданушылары оны әйелді айыптағаны үшін сынға алып, заң алдында жауапқа тартуды талап етті.
Бішкек қалалық ІІБ блогерді ұстады. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Уланов өз кінәсін мойындап, қырғыз халқынан және марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.
Қоғам белсенділері мұндай пікірлердің зорлық-зомбылықты ақтайтынын айтып, интернеттегі жауапкершілікті күшейтуді ұсынуда.
Еске салсақ, оқиға 26 мамыр күні сыныптастардың 20 жылдық кездесуінде орын алған еді. Сол кештен кейін күйеуі оны сыныптасымен араласты деп күдіктеніп, оқ атып өлтірген.