МӘМС жүйесіне өзгерістер: халық үшін қандай жеңілдіктер енгізілді?

Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілді. Мәжілісте 1,5 ай ішінде халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін нақты түзетулер қабылданды,деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұрын бірнеше ай жарна төленбесе, азамат "сақтандырылмаған" деп танылып, емхана қызметінен шеттетілетін. Енді тұрақты жарна төлеп келген азамат жұмыстан айырылса да немесе бухгалтерия жарнаны кеш аударса да, алты айға дейін мәртебесі сақталады.
Көздің мүйізгек қабығын ауыстыру секілді күрделі операцияларды енді мемлекеттік қана емес, лицензиясы бар жеке клиникаларда да жасауға болады. Бұл – сапа мен қолжетімділік артады деген сөз.
МӘМС жарнасы болмаса да, азаматтар алғашқы медициналық көмекке – поликлиникаға бару, анализ тапсыру, дәрігер кеңесін алу, әлеуметтік маңызды аурулар бойынша емделуге құқылы. Бұл – президент тапсырмасына сай шешім.
МӘМС қоры мен медициналық мекемелер енді алған қаржысы мен оның жұмсалуы жөнінде халыққа есеп беруге міндеттеледі.
Бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ шегі орнына жарна мөлшері төмендетілді:
– жұмыс беруші үшін – 40 АЕК,
– қызметкер үшін – 20 АЕК.
Енді рұқсатсыз жұмыс істейтін емханалар жедел тексеріледі. Қоғамдық резонанс немесе шағым болса, Денсаулық сақтау министрі тікелей тексеріс тағайындай алады.
Бұл өзгерістер президенттің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Мақсат – медициналық көмекті қолжетімді, ашық және әділ ету.