НЗМ оқушысының тағдыры белгілі болды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Мұғалімге дөрекі сөйлеген Алматылық оқушының тағдыры шешілді. Бұл туралы бүгін АОО «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Директорлар кеңесінің төрағасы Анауар Жанғожин Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Kazface.kz
Оның айтуынша, 27 мамырда аталған жағдайға байланысты оқушымен, оның ата-анасымен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізілген. Кездесуге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл және қоғамдық кеңес мүшелері де қатысқан.
«Кездесулер барысында бұған дейін қабылданған шешімдер қайта талқыланып, ортақ түсіністікке келдік. НЗМ-нің ұстанымы өзгеріссіз: оқушы мектептен шығарылып, жалпы білім беретін мемлекеттік мектепке ауыстырылды. Ата-анасы бұл шешімге қарсылық білдірген жоқ», – деді Жанғожин.
Еске салсақ, 11-сынып оқушысы 23 мамыр күні Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі емтиханға мектеп ережесін бұзып, телефон алып кірген. Мұғалім бұл әрекетті байқап, телефонын алып қойған кезде оқушы ашуға мініп, педагогты боқтап, тіл тигізген. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі тәртіптік кеңестің шешімімен оны оқу орнынан шығару туралы шешім қабылдады.
Аталған жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқушы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, көп ұзамай ауруханаға түскен.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, мектептерде тәртіп пен ұстазға деген құрметтің сақталуы қажеттігін атап өтті.